Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ СЪЕЗІНЕ ОБЛЫСТАН 30 ДЕЛЕГАТ ҚАТЫСАДЫ

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 661

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ қатысуымен онлайн режимде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс Саяси кеңес отырысы өтті. Жиынға партияның Саяси кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы кезектен тыс ХХІ съезіне Алматы  облысынан делегаттарды сайлау туралы мәселе қаралды. Басқосу барысында аймақ басшысы:

– Жыл басы халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынаққа толы болды. Соның салдарынан қарапайым тұрғындар зардап шекті. Десе де, Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ батыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында берген тапсырмалары береке-бірлік пен тыныштықты сақтауға бағытталды. Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталды, – деді. Жиында партия мүшелері Президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға дайын екендігі айтылды.

Осыдан кейін Қанат Алдабергенұлы облыс орталығындағы бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды. Атап айтсақ, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайын, М.Тынышбаев атындағы музейді полиция департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттарын жөндеу жұмыстары аяқталды. Облыс әкімдігі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының және Талдықорған полиция басқармасының ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімдігінің резервінен жобалау жұмыстарына 179 млн. теңге, жалпы қалпына келтіру жұмыстарына 6 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Сонымен қатар, мәслихат депутаттары мен партия белсенділері 512 мұқтаж отбасына 4 млн.теңгеден астам қаражатқа көмек көрсеткен.

Жиын соңында облыс әкімі ағымдағы жылдың 28 қаңтарында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі өтетінін, күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес облысымыздан 30 делегат сайланатынын айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы