Жаңа жобалар бойынша жұмыс жанданады

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 1369
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Алдымен облыс орталығында жаңадан бой көтерген Салтанат сарайында өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының актив жиынына қатысты. Онда «Нұр Отан» партиясы аймақтық, аумақтық филиалдарының төрағалары, төрағаларының бірінші орынбасарлары, Саяси кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, БПҰ төрағалары болды.

Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ партиялық жобалардың орындалуы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің іске асу барысы тұрғысындағы мәселелермен таныстырып, алғашқы сөзді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарына ұсынды. 
– Өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын. Соңғы жылдары Алматы облысы барлық салаларда қарқынды дамып келеді. Әсіресе, маңызды мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өңірде көптеген тың бастамалар қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Бірнеше нысан салынып, жаңа кәсіпорындар ашылуда, – деген Мәулен Сағатханұлы  осы жылдың 1-маусымында өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген жаңа міндеттерге және «Нұр Отан» партиясының тың жобаларына тоқталды. «Партия жаңа 22 жобаны қолға алып отыр. Енді біз жалпылама жұмыстардың орнына нақты жобалар мен істерге басымдық береміз. Солардың бірі – цифрландыру ісі. Мемлекет тарапынан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында IT өнімдерді дайындауға айрықша мән берілуде. Үкіметпен, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және әкімдермен бірлесіп цифрлы ортаны дамытуға арналған 2 жобаны іске асыруды бастап кеттік. Ендігі кезекте халық цифрлық технологияның қыр-сырын тегін меңгеретін болады. IT мамандарын даярлау ісі де қарқынды жүреді. Алдағы үш жылда мектеп оқушыларына арналған тегін 1000 IT сынып ашу қолға алынды. Ал биыл еліміз бойынша 280-нен астам IT сынып ашу жоспарланып отыр. Соның 21-і Алматы облысына тиесілі», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Сондай-ақ, алдағы үш жылда облыс аумағында 62 IT сынып пен робот техникасына арналған 19 кабинет ашылмақ. Одан бөлек, IT орталықтарда информатика пәнінің мұғалімдері білімдерін жетілдіріп, олардың қатарына жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар да тартылады. 
– Алматы облысындағы өнеркәсіп орындарында ақпараттық технология саласы бойынша білікті мамандардың тапшы екені белгілі. Осыған орай жергілікті компаниялар жұмыспен қамту орталықтарына IT мамандарын даярлау бойынша өтініш берген. Келешекте бұл мәселе де өз шешімін табатын болады. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы мектеп асханасының жұмысын жандандыру, оқушылардың дұрыс тамақтануы, оларды спортқа баулу жұмысын да белсенді түрде бақылауға алады, – деген Мәулен Әшімбаев еліміздегі жағдайларға сапалы мониторинг жүргізіп, қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін оқиғалар бойынша жедел әрекет ету жүйесін қалыптастыру керектігін айтты. Және де партия ешбір оқиғаның соңын күтіп отырмауы, орталықпен қатар өңірлерде орын алған жағдайдың қайнаған ортасынан табылуы тиіс екенін тілге тиек етті. Жаңа жобалар, IT орталықтар мен сыныптардың жұмысы және IT мамандарды оқыту жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов баяндама жасап, берілген тапсырманың орындалу барысы мен атқарылып жатқан ауқымды істерді сөз етті.
Актив жиынынан соң Мәулен Әшімбаев  «Atameken business city» көрме кешенінде өңірдің жас кәсіпкерлерімен кездесіп, партия тарапынан кәсіпкерлік саланы қолдау мәселесін алға тартты. Жергілікті кәсіпкерлер партияның Бірыңғай геоақпараттық онлайн сервис порталын құру бастамасы туралы пікірлерін білдіріп, бұл жоба коммерциялық жер телімдеріне қатысты сыбайлас жемқорлықтың айтарлықтай азаюына және аталған жұмыстардың ашық әрі әділ жүргізілуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.
– Кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі шағын және орта бизнес екені белгілі. Мемлекетке түсетін салық пен жұмыс орындарының саны жағынан да бұл саланың маңызы зор. Халықтың әлеуметтік жағдайы да осыған тікелей қатысты. Осы бағытта Алматы облысында ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын көріп отырмыз, – деді Мәулен Сағатханұлы. Әрмен қарай ол жақында ғана ашылып, жұмысын бастап кеткен Талдықорған агротехникалық колледжіндегі білікті ІТ мамандар даярлайтын ІТ орталықпен танысты. Мұнда базалық білімі бар және қосымша мамандық алғысы келетін кез келген азамат бағдарламалау тілдерін үйренетін болады. Қазіргі таңда әлемдік фриланс нарығында программистерге деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан бұл бастама еліміздегі жұмыссыз жастардың жаңа табыс көзін меңгеруіне мол мүмкіндік береді. Бүгінде Талдықорғандағы орталықта ауыл мектептеріндегі информатика пәнінің 25 мұғалімі білімдерін жетілдіруде. Алдағы уақытта бұл жерде білім алатын азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіргендердің арасынан іріктеліп, қабылданбақ. Орталық түлектерінің жұмыспен қамтылуына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетеді. Бұл жөнінде партия мен палата арасында екіжақты келісім бар. 
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Оқушылар сарайындағы IT сыныптың да жұмысына тәнті болды. Бұл жерде жыл соңына дейін 900-ге жуық мектеп оқушысы STEM оқыту жүйесі бойынша заманауи бағдарламалау тілдерін үйреніп, тегін білім алады. STEM оқыту бағдарламасын «Болашақ» бағдарламасының түлектері, бір топ өнертапқыштар ойлап-тапқан. Бұл бағдарлама бойынша балалар командалық жұмыс бойынша тәжірибелерін шыңдап, ғылыми-техникалық білімді шынайы өмірде қолданудың қыр-сырын меңгереді. Сондай-ақ, аталған жүйе креативті ойлауға баулып, жастардың техникалық пәндерге деген ынта-жігерін оятуға бағытталған. Бүгінде бұл бағдарламаға бірқатар шет мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Тіпті жобаның франшизасы АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Австралия, Қытай, Оңтүстік Корея және Израиль елдеріне сатылып та үлгерген. 
Мәулен Сағатханұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыстық жобалық кеңсесінде «Жетісу 360 » жобасымен танысты. Бұл жоба арқылы өңірдегі кез келген мұражайға виртуалды түрде сапар шегуге болады. Қазірде 22 мұражайдағы жәдігерлерді жоғары сапада, 360 градустағы кескінде көруге мүмкіндік жасалған. Олардың саны әлі де еселене түспек. 
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапары барысында өңірдегі іске асып жатқан жұмыстарға ризалығын білдірді. Келешекте қолға алынған әрбір тың жобаның өз жемісін беретініне сенім білдірді. 

Мәулен Әнербай