ЖАСТАР ЖЫЛЫ: БИЗНЕСІҢДІ ДАМЫТ!

Уақыты: 05.03.2019
Оқылды: 1323
Бөлім: МІНБЕР

Кербұлақ ауданы жастар ресурстық орталығы және «Жас Отан» ЖҚ филиалы өңір жастарымен кездесу ұйымдастырды. 

Кездесуде жиналған жастар өз ойларын жеткізіп, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Бірінші болып кәсібін дөңгелентіп, аудан бойынша 40 жас маманды жұмыспен қамтып, өнімімен дүкендерді қамтамасыз етіп отырған «Нұр Думан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Айтпай Шаттық кәсіпкер ретіндегі тәжірибесімен бөлісті. Ол:
– Бүгінде кәсібін ашып, дөңгелентемін деген жанға мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан да қолжетімді бағдарламалар ұсынылып, көмек көрсетілуде. Алғашында маған неге жеке кәсібімді ашып, табыс көзін арттырып, ауданның экономикалық жағдайына өз үлесімді қосып, халықты жұмыспен қамтымасқа деген ой келді. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуым үлкен көмек болды. Мен жас кәсіпкер, ауданның жас тұрғыны ретінде аудан жастарына талмай еңбектену табыстың кепілі екендігін жеткізгім келеді. Сондықтан, қамшының сабындай қысқа өмірде барлығымыз бір үйдің балаларындай білек сыбана еңбектеніп, ауданымызды жақсы жағынан танытайық, – деп сөзін аяқтады. 
Сөз тізгінін Кербұлақ аудандық  Ә. Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, әнші Айдана Мусгулова алып: «Елбасы Н. Назарбаевтың: «Мен біздің жастарға сенемін», – деген үмітін аудан жастары әрқашан ақтар деген сенімдемін», – деді.  
Ашық әңгіме алаңында пікірін білдірген Сарыбұлақ ауылдық округінің жастар ісі  жөніндегі әдіскер нұсқаушысы  Әділет Әлібекұлы материалдық-техникалық базаларының сын көтермейтінін, бес ауылдық округте спорттық үйірменің жоқтығын жеткізді.
Ал жас ұстаз болса да ақындық пен жазушылыққа жаны жақын, «Көкке қарап елестетем бейнеңді» атты өлеңдер жинағының авторы Олжас Наурызбаев: 
«Ауданымызда жас дарынды ақын-жазушыларымыз жетерлік. Осыған байланысты талантты жастарға қолдау көрсетілсе», – деген ұсынысын білдірді. 
Жиынға жиналған жалынды жастардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған аймақ басшысы М. Садуақасұлы:
– Бүгінгі айтқан ұсыныстарыңызды тыңдап, барлығын жазып алдым. Барлығын толықтай қарап шығамыз. Тағы да ұсыныс айтамын деушілер болса, жұмыс күнінің біреуін сіздерге арнаймын. Келем деушілерге әрдайым есігіміз ашық, – дей келе, жастарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. 
Жиын соңында қатысушылар аудан басшысына уақытын бөліп, жастармен еркін сұхбат құруға келгені үшін ризашылықтарын білдіріп, тарқасты. 

Алмас МЫҢБАЕВ,
Кербұлақ аудандық  жастар ресурстық  орталығының жетекшісі