"NUR OTAN": 125 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1134
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVІ конференциясы өтті. Конференция жұмысына партияның аудандық, қалалық филиалдарынан сайланған делегаттар қатысты.

Жиында партияның 2030 жылға дейінгі жоспарлаған мақсаттары баяндалды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев:

– Жетісу өңірінде 40 мың көпбалалы отбасында 165 мың бала тәрбиеленеді. Олардың 11 мыңы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар. «Бақытты отбасы» жобасы аясында аймақта әлеуметтік Жол картасы іске қосылды. Ағымдағы жылы әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңге, Жол картасына қосымша 3,4 млрд. теңге қаражат қарастырылды, – деп алдағы уақытта көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға баса мән берілетінін айтты.

Ғалиасқар Төлендіұлы аталмыш жұмыс бүгінде кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болып, меценаттар мен демеушілер көмегімен 3,5 мың отбасына жалпы сомасы 125 млн. теңгеге қаржылай көмек көрсетіліп, 3 пәтер, 20 үй берілгенін жеткізді.

«Құтты мекен» жобасына біріктірілген «Нұрлы жол» бағдарламасында 116 жобаның жүзеге асырылуына 92,6 млрд. теңге қаражат бөлінді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасында ағымдағы жылы 101 жобаның жүзеге асырылуына 17,8  млрд. теңге қаражат қарастырылды. «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе» партиялық жобасы аясында облыста партияның барлық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 376 өтініш тіркелген. Оның ішінде 81 өтініш, яғни 21,5 пайызы оң шешімін тапты.

Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Келемсейіт пен Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева өз ойларын ортаға салды. Жастар атынан сөз алған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жастар орталығының басшысы Арнай Байжұрынов «English for Jastar» жобасы аясында жұмыстар жалғасын тауып, биыл мың оқушы ағылшын тілін тегін меңгеретінін қуанышпен жеткізді.

Конференция соңында облыстан «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезіне 45 делегат сайланды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - автордыкы