ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: "ТАТЭК" ТОҚАЕВТЫ ҚОЛДАЙДЫ

Уақыты: 17.05.2019
Оқылды: 1022
Бөлім: МІНБЕР

Халықтың береке-бірлігін арттырып, өмір сүру деңгейін жоғарылату және рухани дамыту - Қазақстанның басты басымдығы болып қала береді. Осындай пікірді Талдықорған қаласындағы «ТАТЭК» АҚ еңбеккерлерімен кездесуде ҚР Президентітігіне кандитат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері айтты.

Облыстық сайлауалды штаб басшысы Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, мемлекетіміздің іргетасы әділеттілікпен тікелей байланысты. "Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістігін барлық әлемдік қоғамдастық мойындады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекетіміздің даму қарқыны мен тыныштығы барлық азаматтардың заң алдындағы тең құқығына, өз кәсібінің нағыз маманы, әділ сот төрелігіне және қоғам қауіпсіздігіне қатысты. Жемқорлықты түп-тамырымен жою, әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесі, баршаға ортақ мүмкіндік және билік пен халық арасындағы ашық диолог Қ.Тоқаевтың ел игілігі жолындағы жұмысының басымдығы. Еліміздің болашағы барлығымызға байланысты", ­- деп атап өтті Ғалиасқар Төлендіұлы.

Кездесуде облыстық штаб мүшелері энергетика мамандарын кандидаттың өмір жолымен таныстырып, сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндірді, сондай-ақ, бағдарламаның басты мақсаты ­- әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту екендігін тілге тиек етті. "Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты ел басқаруға лайықты тұлға деп көрсетіп, өзінің бастамасын әрмен қарай жалғастыратынын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы – тәжірибелі саясаткер және  әлем алдында беделді дипломат. Ол еліміздің ішкі жағдайынан жақсы хабардар, әрі сыртқы саясатты да мықты біледі", ­­- деді кандидаттың сенімді өкілі Аманғазы Шегіров.

Өз кезегінде «ТАТЭК» АҚ өкілдері еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына тер төгетіндерін айтып, барлық бастамаларға бірауыздан қолдау білдірді.

- Тәуелсіз Қазақстан үшін Елбасының бастамасын әрі қарай жалғастыру қажет. Әсіресе, халықтың тұрмыстық әлеуетін арттыру тұрғысында. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы ең оңтайлы және халықтың қалауын орындауға лайықты деп есептейміз, - деп ойын білдірді «ТАТЭК» АҚ бөлім меңгерушісі, «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Нұржамал Әбеуова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"