"ЖҮЙЕЛЕУ ОҢАЙ БОЛМАДЫ": ДЕПУТАТ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 27.08.2019
Оқылды: 1288
Бөлім: МІНБЕР

Конситуция күніне орай облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Негізгі заң апталығы» атты шара қолға алынды. Аймағымызға арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Омархан ӨКСІКБАЕВ шараның салтанатты ашылуына қатысып, кәсіпкерлердің игі ісін талқылап, жастарға ағалық ақылын айтты.

– Биылғы жыл Елбасының тапсырмасымен Жастар жылы ретінде аталып, көптеген игілікті істерге жол ашты. Бұл іс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары арқылы жандана түскенін көріп жүрміз. Басында кәсіпкерлік палаталарын құрып, оның жұмысын жүйелеу оңай болмады. Көп қиындықтардан өтіп, оның құқықтық, заңдық орнын айқындау үшін де Мәжіліс депутаттары аз еңбек етпеді. Міне, бүгін сол ұйым қанаты қатайып, бағытын айқындап, сара жолға түсті. Енді тұрғындардың экономикалық, қаржылық, әлеуметтік жағдайын түзеуге белсене араласып жатыр. Бүгін бастау алған шара соның айқын көрінісі. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жанданып, жаңғырып, кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндіктер көбейе түседі, – деді ол.

Осындай ақжарма тілекпен ашылған апталықтың бірінші күні спорттық флешмобпен басталғаны да тегін емес. Денсаулық – табыс пен гүлденудің кепілі, тек бизнесте ғана емес, өмірдің барлық саласында да солай. Айта кетерлігі, өңірімізде спорт, фитнес, дұрыс тамақтану, санаторлық-курорттық және сауықтыру саласындағы қызметтер жақсы жолға қойылған. Осы күнгі шараға қатысқан сан саланың кәсіпкерлері тәжірибе алмасып, бизнесін дамытудың жолдарын кеңесті.

Бір аптаға созылатын құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыс кәсіпкерлерге қажетті кеңес алу үшін қолайлы орта қалыптастырмақ. Өйткені, аймақ бойынша құқықтық кеңес пен заң аясында қорғалуды көп қажет ететін саланың бірі осы – бизнес бағыты. Мұндай шара, әсіресе, ісін енді бастаған жас кәсіпкер үшін пайдалы. Өткен жылы облыстық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері жергілікті 365 кәсіпкерден өтініш қабылдаған. Олардың арасынан 194 өтініш оң шешімін тауып, кәсіпкердің пайдасына шешіліпті. Яғни, «Атамекеннің» араласуынан кейін жергілікті бизнестің мүддесіне орай шешілген қаржы көлемі 701,2 млн. теңгені құраған көрінеді.

Апталықтың ашылу салтанатынан кейін депутат Омархан Өксікбаев өңірлік палатаның жиынжайында кәсіпкерлермен кездесті. Облыс кәсіпкерлерімен кездесу барысында халық қалаулысы азаматтардың Конституциялық құқығының сақталуы мен мемлекет, заң алдындағы жауапкершілік жайында сөз қозғады. Өз кезегінде кәсіпкерлер де өткір сұрақтар қойып, шағын және орта бизнесті қолдау мен қорғауға қатысты ойларымен бөлісті. Осыдан кейін халық қалаулысы "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясының және облыстық кірістер департаментінің қызметкерлерімен кездесіп, қаржы саласын дамыту, экономикалық мәселелерді шешу, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, бизнесті өркендетудің жолдары тақырыбында әңгіме өрбітті.

Қажет АНДАС

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ