АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫН ШИРАТУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 968
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының ғимаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйі жайлы онлайн режимде жиын өтті. Жиналысқа Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыс жайында және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылға арналған партиялық бағдарламасын іске асыру бойынша ақпар берді.

Басқосуды «Nur Otan» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Омархан Өксікбаев жүргізіп, күн тәртібінде көтерілген мәселені алға тартты. Мұнда Ақмола және Алматы облыстарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйін тексеру барысында орын алған мәселелердің қорытындысы жайлы арнайы комиссияның жұмыс қорытындысы тыңдалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсұтқан Махамбетовтың баяндауынша, облыста сыбайлас жемқорлыққа байланысты бірқатар кемшіліктер орын алған. Мәселен, Көксу ауданы әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссияның 2018 жылға арналған құжаты мүлде жоқ.

Облыста жер қатынастары мәселесі бойынша сыбайлас жемқорлық ісімен 47 факті тіркелген. Бұл Республика бойынша екінші орынды көрсетіп отыр. Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша да 60 факті тіркелген. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында 485 млн.теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. Міне, осындай кемшіліктерді алға тартқан Мақсұтқан Махамбетұлы алдағы уақытта сыбайластыққа қарсы жұмысты қатаңдатуды ұсынды.

Бұдан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз алып, аталған кемшіліктерді жою үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізіп, облыс бойынша атқарылған іс-шараларға кеңінен тоқталды.

– Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылға арналған партиялық бағдарламасын іске асыру бойынша ауқымды шара өткізілуде. Нақтырақ айтқанда жыл басынан бері үш мыңнан астам іс-шара өткізілді. Оның ішінде білім беру және ғылыми-практикалық – 2300, мәдени-бұқаралық және жұртшылықпен өзара іс-қимыл бойынша 710, әлеуметтік желілердегі тікелей эфир – 260, сонымен қатар, БАҚ бетінде 403 мақала жарық көрді.

Өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 15-тен астам стратегиялық жобалар іске асқан. 2019 жылы «Ашық бюджеттердің интерактиві картасы» жобасы әзірленді, «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде дәріханалар мен қоймаларда дәрілік препараттардың бағасы мен болуына мониторинг жүргізілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Облыста өткен жылы «Сервистік әкімдік» жобасы іске қосылды, ол Талдықорғанда және облыстың 9 ауданында тиімді жұмыс істеуде. Жер учаскелерін беру кезінде заңдылықты сақтау мәселелері ерекше бақылауға алынды. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы 930 тексеру жүргізіп, 885 заңбұзушылықты анықтады. 12,5 млн.теңгеден астам айыппұл салынып, ҚР Жер заңнамасын бұзу деректерін жою туралы 747 ұйғарым шығарылды.

Осындай ауқымды істерді баяндаған Амандық Ғаббасұлы алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды қатаң бақылап, аталған кемшіліктердің түзелетіндігін жеткізді.

Жиын соңында «Nur Otan» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Омархан Өксікбаев бұл тұрғыда жұмысты ширатып, аталған кемшіліктерге жол бергендерге заң аясында шара қолдануды тапсырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы