АВТОЖОЛДАРҒА ҚОЙЫЛҒАН КАМЕРАЛАР ЗАҢДЫ МА? ГЕНЕРАЛДЫҢ ЖАУАБЫ

Уақыты: 03.02.2021
Оқылды: 1074
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Онлайн қабылдау кезінде Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев автожолдардағы бейнекамералардың қойылу заңдылығы туралы түсіндірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес, Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев "Инстаграм" әлеуметтік желісі арқылы тұрғындарды апта сайын онлайн қабылдауды әдетке айналдырған. Бүгін де қабылдау өткізген облыстың бас полицейіне сұрақ қойған көлік жүргізушілері автожолдардағы камералардың қойылу заңдылығы мен айыппұлдарды төлеу тәртібі туралы сұрады.

- Әрбір қазақстандық құқықтық мемлекетте өмір сүргенді қалайды. Сол құқық пен тәртіптің үстемдік құруын әр адам өзінен бастауы қажет деп санаймын. Сіз жол жүру ережесін бұзбасаңыз, қоғамдық тәртіпті қатаң сақтасаңыз, сізге ешқандай камера да, тәртіп сақшылары да кедергі келтірмейді. Қайта олардың сіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жатқанын сезінесіз, - деді полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.

Естеріңізде болса, жыл басында Алматы облысы аумағындағы жолдарда «Автоураган» жүйесінің қосымша 20 кешені орнатылып, олардың жалпы саны қырық алтыға жеткені хабарланған болатын. Аталған жүйе елге етене таныс «Сергектен» еш кем емес екені белгілі.

- Облыс аумағындағы жолдарда жылдамдық пен жол жүру ережелерін сақтамау деректерін тіркейтін бейнебақылау кешендерін тағы да көбейту жоспарда бар. Дегенмен, жол-көлік апаттарының санын азайту мүмкін болмай отыр. Өйткені, жүргізушілер қауіпсіздік шаралары мен жылдамдық тәртібін сақтамаса, еш камера көмектеспейтіні анық, - деді облыстың бас полицейі.

Өз кезегінде полиция басшысы тұрғындарды қоғамдық және жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"