ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ҮЙ ТОНАҒАН ӘЙЕЛДІҢ ҚЫЛМЫСЫ ӘШКЕРЕ БОЛДЫ

Уақыты: 04.02.2021
Оқылды: 1057
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданында ұрлық жасаған әйелдің әрекеті әшкере болды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Талғар ауданының полициясына 50 жастағы әйел хабарласып, белгісіз біреудің үйіне ұрлыққа түскенін айтқан. Түнгі мезгілде қонақтан келген әйел үйінің астан-кестеңі шыққанын көрген. Күдікті зардап шегушінің қол сөмкесін, әмиянын, алтын сырғасын және ер адамның қымбат иіссуын қолды қылған.

- Қылмысты ашуға бағытталған шаралар барысында қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде 40 жастағы әйел ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін ол қылмысын мойындады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жарияланбайды, - деді Талғар аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Нұржан Күнтүнов.

Тергеу барысында ұсталған әйел ұрлаған заттарының ішіндегі құнды дүниелер мен ақшаны алып, қол сөмке мен құжаттарды қала сыртындағы өзен бойына лақтырып жібергені белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталғанша күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан