ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА 26 ҰРЛЫҚҚА ҚАТЫСЫ БАР ӘККІ ҚЫЛМЫСКЕР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 09.02.2021
Оқылды: 785
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында 26 ұрлық жасап, жалпы құны 15 млн.теңгеден астам шығын әкелді деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ескелді ауданының полицейлері Алматы облысы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы бөлімшенің көмегімен Қарабұлақ кентінің 36 жастағы тұрғынын бірқатар ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен ұстады.

- Ұсталған адамды криминалдық базалар бойынша тексеріп, тергеушілер оның Алматы облысы аумағында 26 ұрлыққа қатыстылығын анықтады. Ол жымысқы әрекеттерін Қарабұлақ, Шымыр, Бақтыбай, Балпық би, Талдықорған және басқа елдімекендерде іске асырған. Қылмысының бәрін тапа-тал түсте жасап, жеке үйлердің пластикалық терезелерін ашып отырған. Дәлелденген эпизодтар бойынша келтірілген жалпы материалдық шығын 15 миллион теңгеден асады. Ұсталған күдіктінің осыған ұқсас басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, - деп хабарлады Ескелді ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Баймұханов.

Күдікті ұрлық кезінде негізінен алтын және зергерлік бұйымдар мен ұялы телефондарды алып кеткен. «Айғақзаттары аз қылмыстарды ашуда қылмыскерлердің қол іздері арқылы ғана анықтау сарапшы-криминалистердің асқан шеберлігін талап етеді. Міне, осы криминалист мамандардың оқиға орнынан мұқият жинаған дәлелдерінің арқасында оның бірқатар қылмыстарға қатыстылығы әшкереленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайды», - деді полиция подполковнигі Қайрат Баймұханов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"