ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН КӨРСЕТПЕЙСІЗ: ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 10.02.2021
Оқылды: 835
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Соған орай «Jetisy media» ақпарат алаңында Алматы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Дәулет Молдаханов, әкімшілік практика бөлімінің басшысы Саят Ибраимов, сондай-ақ, Ержан Жантілеуов жаңа қабылданған заңды жан-жақты талқылап, түсіндіріп өтті.

Заңда жүргізушілердің жеке басын куәландыратын құжаты, сондай-ақ, автомобильге техпаспорт болған кезде Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүру міндеті алып тасталды. Сонымен қатар, көрсетілген құжаттың жоқтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Басқарма басшысы, полиция подполковнигі Дәулет Молдаханов:

– Аталған заң 13 ақпаннан бастап күшіне енеді. Жол қозғалысын қадағалау кезінде жүргізуші куәліктерін беруді және көлікті тіркеуді тексеру көрсетілген планшеттер арқылы жүргізеді. Сонымен қатар, техникалық тексерудің қолданылу мерзімі және берілген сақтандыру полисі туралы мәліметтер автоматты түрде көрсетіледі. Егер сақтандыру полисінде тексерілетін жүргізуші болмаса, онда ол Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 230-бабы, 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылады (айыппұл 10 АЕК), ал автомобиль ӘҚБтК-нің 797-бабына сәйкес, айып тұрағына қойылады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 5-бабы 1-бөлімінің талаптарына сәйкес, әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін немесе күшін жоятын заңның кері күші бар, яғни, осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және оған қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған құқықбұзушылыққа қолданылады, – деді.

Бұдан басқа, брифингте 2022 жылдан бастап елімізде 10 жылдан артық жүрген автобустарды тіркеуге тыйым салынатыны айтылды.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы