ПОЛИЦЕЙДІҢ ПОГОНЫН ЖҰЛЫП АЛҒАН ЖІГІТКЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 11.02.2021
Оқылды: 1029
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбай, оған қарсы күш қолданған мас тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдейді.

Түнгі сағат 22-00-дар шамасында Балқаш ауданы Бақанас ауылының полициясына хабарласқан жергілікті тұрғын ішімдікке сылқия тойып алған жақын туысының отбасылық жанжал шығарып жатқанын айтып, көмекке келулерін сұраған. Мас жігіт оқиға орнына шұғыл жеткен учаскелік полиция инспекторының заңды талабына бағынудан бас тартып, билік өкілімен төбелескен.

- Қоңырау түскен соң учаскелік полиция инспекторы аталған үйге барғанда 33 жастағы ауыл тұрғыны оған күш қолдануға тырысқан. Дегенмен, қоян-қолтық ұрысқа машықтанған тәртіп сақшысы бұзақыны қарсыласқанына қарамастан полиция бөліміне жеткізген. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша қамауға алынды, - деді Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Дәурен Құтпанов.

Тексеру барысында ауыл тұрғыны тәртіп сақшысының денсаулығына еш залал әкелмегенімен, погонын жұлып алғаны анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуде масаң күйде отбасылық жанжал шығарудың және полицияға қарсы күш қолданудың себептері анықталатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан