БИЫЛ - КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ АУҒАНСТАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАНЫНА 32 ЖЫЛ

Уақыты: 15.02.2021
Оқылды: 1587
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бүгін - Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл. Кеңес одағынан қан майданға жарты миллионнан астам адам аттанып, 15 мыңға жуық жауынгер қаза тапты. Қазақстаннан қатысқан 22 мыңнан астам жауынгердің 889-ы ажал құшса, 21-і із-түзсіз кетті. Елге мүгедек болып оралған 3 мыңнан астам қазақстандық азапты күннің тауқыметін әлі күнге тартып келеді. Бұл, әрине, үлкен қасірет. Ата-ана баласынан, жары күйеуінен айырылса, кейбір ұрпақ әкесіз қалды. От пен оқтың ортасында жүрген талай боздақ отбасын құрмай жатып, өмірмен қош айтысты. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген ұстаныммен Ауғанстанға аттанғандардың қатарында Әділ ӘБДІХАЛЫҚОВ та бар еді. Үшінші топ мүгедегі болып елге оралған ардагер сол күндерді үлкен қынжылыспен еске алады.

1981 жылы 18 жастан жаңа асқан ол Отан алдындағы парызын өтеу үшін әскерге аттанады. Жетісу жерінен шыққан 700 сарбаз бір жарым ай ішінде Түрікменстанның Қызыларбат қаласында әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп шығады. Олардың жүз шақтысы жеке сапер ротасында даярланады. Сол сәттен жауынгерге жүктелген міндеттің маңызын, әскери өмірдің қиындығын шынайы сезіну басталыпты.

– Сапер болу өліммен бетпе-бет келумен пара-пар. Негізгі міндетіміз – тау-тасқа жасырылған минаны тауып, залалсыздандыру. Яғни, басқа қарулас достарыңның ажалына араша боласың. «Сапер жалғыз рет қателеседі» деген жазылмаған заң бар. Қателеспе, қателессең ажал апанына бірінші болып түсесің. Арысы Мәскеу, берісі Ташкенттен арнайы келген білікті офицерлер сапердің кім, оның қандай мамандық екендігін үйретудей-ақ үйретті. Ерте ме, кеш пе, Ауғанстанға жол тартатынымызды да жасырмай айтты, – деген Әділ Бектасұлы Жалалабад қаласына барып, мотоатқыштар бригадасына қабылданғанын еске алды. – Осы бригаданың бір батальонына бүгінгі белгілі азамат, генерал Бақытжан Ертаев басшылық жасайды екен. Ол кездегі әскери шені – капитан. Бір жылдың ішінде жиырмадан астам арнайы әскери операцияға қатысып, қатарластарымыздың жолын талай минадан тазарттық.

Табаны алғаш ауған жеріне тигенде, соқаны өгізге жегіп алып, жер жыртып жүрген диқан шалды көріп таңғалғаны әлі күнге есінде. Ары қарай аяқ-қолынан айырылып, қанға малынған жауынгерлерді кездестіргенде қорқыныш пен үрей бойын билеп, буын-буыны дірілдейді. Уақыт өте келе әлгі үрейдің өзі ысырылып, шеттей беріпті. Жырада жасырынған жаудың көзін бірінші болып құртпаса, олар өзін өлтіреді. Осы бір ой бүкіл санасын билеп, шапшаң қимылға бастайды. Өзі өлмеудің, жауды өлтірудің қамын ойлап жүргенде үрей, қорқыныш секілді сезімнің бәрі ұмыт болады екен. Кеңес әскері бар күшін жұмылдырып, бұған дейін ешбір әскер маңына да жоламаған Паншер аңғарын жауламаққа қамданады. Бұл жерде ауғандықтардың атақты қолбасшысы Ахмад Шах Масуд билік құрған. 1982 жылдың сәуір-мамыр айларында Паншер операциясына қатысқан Әділ Әбдіхалықов бірнеше күнге созылған соғыста алдыңғы шепте болды.

– Сол соғыс әлі күнге дейін естен кетпейді. Әрбір әскери құрылымға бір-бір сапердан бөліп беріп, тікұшақпен операция жасайтын сайдың аңғарына жеткізіп салды. Қапшығымызда бес күнге жетерлік азық-түлік. Қару-жарақты қосқанда, барлығы 15 келі жүкпен жерге секірдік. Түскен кезде кейбір жігіттер аяқ-қолын сындырып алды. Ауырсынып жатуға мүмкіндік жоқ. Тез жүгіріп, орын таппасаң оқ тиюі мүмкін. Мен барлаушылар ротасының жолын минадан тазарттым. Сапер болған соң алдын ала шығамыз. Таудың басында жатамыз. Суды тікұшақпен тасиды, су толы бөшке тасқа түскенде жарылып, ағып кетеді. Сөйтіп тасты да жалаған күндер болды. Адамның суға шыдауы қиын екен, – деп еске алған Әділ Әбдіхалықов күтпеген жерден кезіккен қызықты оқиғаны баяндады. – Паншер сайындағы алмас, алтын өндіретін шахтаны тінтіп жүріп, Ахмад Шах Масудтың портреттерін, К.Маркс пен В.Лениннің еңбектерін тауып алдық. Сол кезде қарсыластарымыздың кеңестік идеологияның кемшін тұстарын тыңғылықты зерттеп, қасық қандары қалғанша қарсыласуға бел буғанын аңғардық.

Ауғанның аптап ыстығында ас-сусыз тау-тасты аралап, бес сапер бірнеше минаны залалсыздандырады. Сол жолы жасы он сегізге жаңа толған екі қаруласы мина жарылып, қаза табады. Әр қадамын аңдап басатын сапер қызметі шынында қиынның-қиыны. Бірнеше күнге созылған операция ойдағыдай аяқталып, көзге түскен көптеген жауынгер орден, медальмен марапатталады. Әділ Бектасұлы қауіпті операцияға қатысқаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын иеленеді.

– Қатарластарымыз бейбіт өмір сүріп жатқан шақта біз қан майданның ортасында жүрдік. Ол кезде патриоттығымыз мықты еді. «Кім үшін соғысып жатырмыз?» деген ой санамызға тіпті кірмепті. 1981 жылы берген антымызға адал болдық. Жарақат та алдық. Қазір ІІІ топтағы мүгедекпін. Ең бастысы, елге аман-есен оралдық, – дейді Әділ Әбдіхалықов.

Әскерден келе сала КСРО Ішкі істер министрлігінің Шымкент қаласындағы арнайы мектебін бітіріп, құқық қорғау органдарында көп жылдар бойы жемісті еңбек еткен Әділ Бектасұлы 1986 жылы Қазақстанда ең алғашқылардың бірі болып Қаратал аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымын құруға атсалысты. Сол ұйымға төраға болып сайланып, көп жылдар бойы күн-түн демей игілікті істің басы-қасында жүрді. Соғыста опат болғандардың есімін мәңгі есте қалдыру үшін туған ауылдарындағы көшелерге аттарын беруге үлес қосты. 2004 жылы Алматы облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары қызметіне кірісті.

Сол жылдары Үштөбе мен Талдықорған қалаларында Ауған соғысында қайтыс болғандарға арнап бірнеше ескерткіш ашылды. 2009-2013 жылдар аралығында Қапшағай қаласының Ауған соғысы ардагерлері ұйымына басшылық еткен Әділ Әбдіхалықов соғысқа қатысқандардың қала ішіндегі қоғамдық көлікте тегін жүруі туралы бастама көтеріп, мәселенің оң шешім табуына ықпал етті. Қапшағай қаласында Ауған соғысы боздақтарына арналған ескерткіш қойылды. Одан бөлек, Ауған ардагерлерінің шаштараз, монша қызметтерін жеңілдікпен алуына себепші болды. Осындай игілікті істерді өзінің азаматтық борышы санап, бүгіннің емес, келер күннің қамы үшін тер төккен кейіпкеріміздің қажырлы еңбегі еленіп, 2011 жылы «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» атанды.

«Құрмет» орденінің иегері Әділ Бектасұлы бүгінде жеке күзет компаниясын ашып, жұмыссыз жүрген майдандастарын жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек Ауғанстанға Алматы облысынан аттанып, соғыста ерлікпен қаза тапқан 20-дан астам адамның оқыған мектептеріне өз қаражатынан ескерткіш тақта орнатып берді. «Ауғанның от-жалыны» кітабының авторы атанған ол жастардың патриоттық тәрбиесімен де айналысып, көптеген кездесулерге қатысып жүр. «Біз көрген соғысты болашақ ұрпақ көрмесе екен дейміз. Өйткені біз соғыстың ащы дәмін таттық. Бейбіт өмір болсын», – дейді ардагер. Бүгінде Қарасай аудандық Ауған соғысы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, қоғамдық жұмыстармен айналысуда.

Тағдыр табыстырған аяулы жары Айнаш Несіпбекова 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, алаңға атойлап шыққан жандардың қатарында еліміздің азаттығы жолында ерлік көрсеткен жан. Он сегіз жастағы студент қатарластарынан қалмай қақаған аязда кеңестік идеологияға қарсылық танытып, талай ұрпақ армандаған қасиетті де қастерлі тәуелсіздікке қол жеткізуге тамшыдай болса да үлес қосты. Екеуі шаңырақ көтеріп, бір ұл, бір қызды мәпелеп өсірді. Ұлы Мейірхан жеке кәсіпкер, келіні  Айдана есепші. Қызы Маржан Чехия Республикасының астанасы Прага қаласында жоғары білім алып, сол елдегі Қазақстан Республикасының елшілігінде қызмет етуде. Қазір немерелері Асылым мен Арсланның балдай қылығына елтіп отыр.

24 ақпанда 58 жасқа толатын Ауған соғысының ардагері Әділ Бектасұлына қажымас қайрат, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы