ТҮРМЕНІ ТЕКСЕРГЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АДАМ ШОШЫРЛЫҚ ЗАТТАР ТАПТЫ

Уақыты: 13.02.2021
Оқылды: 1028
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/8 мекемесінде (жоғарғы қауіпсіздік) тінту жұмыстары жүргізілді.

Шара барысында 31 бірлік ұялы телефон (қарапайым-16, смартфон-15), 10 зарядтағыштар құрал, 6 сим-карта, 3 дана құлаққап, 3 дана MP3 ойнатқыш, 2 ойын карта, 30 метр электр сым және 17 дана қолдан жасалған тесуге және кесуге арналған құрал (пышақ, қайрауыш және басқа) тауып, тыйым салынған заттар тәркіленді.

- Қызметкерлер тыйым салған заттарды сотталушыларға олардың туған-туыстары мен таныстары жеткізеді, кейбірі тыйым салынған заттарды мекеменің сыртқы қоршауынан лақтырады. Бұл бағытта алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұратындығына қарамастан заңсыз әрекеттер болып тұрады. Осыған байланысты мекеме әкімшілігімен үнемі тінту жұмыстары жүргізіледі. Туыстарын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандар міндетті түрде тәртіптік жазаға тартылатының, ал тыйым салынған заттарды мекемеге өткізушілер жазасыз қалмайтының ескертеміз, - деді өңірлік Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Қанат Ашов.

Ведомство өкілдері тінту жұмыстары видеоға түсірілгенін жеткізді.

- Мекеме әкімшілігі мен ҚАЖ қызметкерлері тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Сотталғандар арасынан тінту жұмыстарына байланысты арыз-шағымдар түскен жоқ. Осы іс-шараның заңдылығын және сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық әрекеттер видеоға түсірілді, - деді Алматы облысы бойынша мекемелерде қылмыстық жазалардың орындалу заңдылығын кадағалау жөніндегі мамандандырылған прокурор Азамат Абдулдаев.

Тексеру шарасы қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратура өкілдерінің, №3660 әскери бөлімінің жеке құрамының, мекеме қызметкерлерінің және ҚАЖ департаментіне бағынысты мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"