ҮШТӨБЕДЕ 17 ЖАСТАҒЫ ЖАСӨСПІРІМ МҰНАРАДАН СЕКІРМЕКШІ БОЛДЫ

Уақыты: 13.02.2021
Оқылды: 997
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаратал ауданында кәмелетке толмаған жасөспірім теміржол депосында орналасқан 50 метр мұнарадан секірмекші болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысы Қаратал аудандық полиция бөлімінің «Бүркіт-287» патрульдік экипажы Үштөбе қаласының тұрғыны, 17 жастағы жасөспірімнің өмірін сақтап қалды.

- Полиция лейтенанты Нұрман Омаров пен Мақсұт Мұхамадиев алдымен жасөспірімді сөзге тартқан. Ол байланыспай келмей қарсылық көрсеткен. Нұрман Омаров жақын тұрған мұнараға көтеріліп, көпір бойымен жүріп өтіп, оған жақындаған, - деді Қаратал аудандық полиция бөлімінің бастығы Рауан Әбдірайымов.

Жиырма минутқа созылған келіссөзден кейін жас жігіт құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. «Бүгінде жасөспірімнің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Онымен ювеналды полиция қызметкерлері мен психологтар кездесіп, профилактикалық әңгіме жүргізді. Оның ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127, 442 бабымен екі хаттама толтырылды, яғни, кәмелетке толмаған баланың түнде көшеде жүргені және ата-ана құқығын тиісінше орындалмауы бойынша», - деді Рауан Әбдірайымов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан