ҮШАРАЛ ГАРНИЗОНЫНЫҢ ӘСКЕРИЛЕРІ СЕМЕЙДЕН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 21.02.2021
Оқылды: 1266
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Семей қаласында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының XVlll Спартакиадасы аясында әскери жекпе-жектен чемпионат өтті. Жарыста Үшарал гарнизонының 40398 әскери бөлімінің қызметшілері жалпы командалық есепте 2-орынға ие болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Әскери бөлімдер мен құрамалар үшін маңызды бұл жарысқа гарнизон бөлімдерінің ең мықты деген спортшылары қатысты. 150-ге жуық епті балуандар тек медаль үшін ғана емес, республика біріншілігінде ұлттық құраманың атынан өнер көрсету үшін де бақ сынасты.

40398 әскери бөлімінің әскери қызметшілері аудан қоржынын 4 қола, 1 күміс және 1 алтынмен толықтырды. Атап айтсақ,  III орынға аға с-т Жұмаділ  Біржан (55 кг), кіші с-т Мұратов Бауыржан (70 кг), с-т Серіков Ерасыл (75 кг), с-т Абылкасенов Бекжан (90 кг), ІІ орынға аға л-т Махаметов Мурод (85 кг) және I орынға л-т Жуманазаров Ибрахим  (65 кг) жайғасты.

Спартакиадаға қатысушылардың айтуынша, әскери жекпе-жек әр қызметшіні даярлаудың маңызды элементі болып табылады. Жекпе-жекте атыс қаруын немесе қарудың басқа түрлерін қолдану мүмкін болмаған кезде әртүрлі әдістерді орындауға дағдыландырады. Сондықтан, бұл спорт түріне ерекше назар аударылады.

Әскери қызметшілерді жетістіктерімен құттықтай отырып, жаңа белестер тілейміз. Жауынгерлерді даярлауда белсенді қолдау көрсеткен 40398 әскери бөлімінің командирі, полковник Серік Рамазановқа алғыс білдіреміз.

Валентина ИВАНОВА

Алакөл ауданы

Алматы облысы