САРЫӨЗЕК ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ҮШ БІРДЕЙ ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН КҮДІКТІНІ ҚОЛҒА ТҮСІРДІ

Уақыты: 24.02.2021
Оқылды: 898
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Кербұлақ ауданында қос қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған жігіттің мал ұрлығын жасағаны әшкере болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кербұлақ ауданының тәртіп сақшылары өзгенің көлігін заңсыз иемдену және аудан орталығында тұратын отбасының үйінде жанжал шығару деректеріне қатысы бар күдікпен қамаққа алған тұрғынның өзге біреудің малын қолды қылғаны белгілі болды.

- Сотқа дейінгі тергеу барысында тиісті тексерулер жүргізіп, жауап алу кезінде күдіктінің 2017 жылы Арқарлы ауылының тұрғынына тиесілі екі қойды ұрлағаны анықталды. Тиісті айғақтардан кейін ұсталған адам қылмысын мойындап, оқиғаның мән-жайын айтты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық өндіріс қозғалды, - деді Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Ербол Ахметқалиев.

Тәртіп сақшылары құқық бұзуға бейім күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеруде.

Естеріңізге сала кетейік, Кербұлақ ауданы Сарыбастау ауылының 24 жастағы тұрғыны ішімдік ішіп алып, ауылдасының темір тұлпарын заңсыз тізгіндеп, 40 шақырым қашықтықтағы аудан орталығындағы танысының үйінде жанжал шығарып, сол жерде полицейлер оны екі қылмыс жасады деген күдікпен құрықтаған еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"