ҚҰЖАТСЫЗ ЖҮРГЕН АЗАМАТТАР НАЗАРЫНА! АКЦИЯ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

Уақыты: 24.02.2021
Оқылды: 919
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полициясы құжатсыз азаматтарды анықтау акциясы 5 мамырға дейін ұзартылғанын мәлімдеді.

Алматы облысы ПД көші-қон қызметінің мәліметінше, акция басталғаннан бері полиция қызметкерлері 333 адамды құжаттандырған, олар қандай да бір себептермен қолдарындағы 1974 жылғы үлгідегі ескі КСРО паспорттарын уақытында ауыстырмай, ұзақ уақыт құжатсыз өмір сүріп келген.

- Бірінші кезекте, жеке құжаттардың болмауы мемлекеттік қызметтерді, әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақыларды, кепілдендірілген медициналық көмекті ала алмаған қарапайым азаматтың өзі үшін елеулі қолайсыздық туғызады. Нәтижесінде, олардың балалары да дәл осындай проблемаларға тап болады. Осыған байланысты өткен жылдың 23 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының аумағында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын адамдардың құқықтық мәртебесін айқындау жөніндегі акцияның басталғаны туралы жарияланған болатын. Біздің бөлімшелеріміздің қызметкерлері 300-ден астам азаматқа жаппай құқықтық көмек көрсетті және олар құжатталды, - дейді Алматы облысы көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.

Спикердің айтуынша, акция барысында «азаматтығы жоқ адамдар» мәртебесінде болған тағы 115 адам өз құжаттарын алған. «Әрбір осындай деректің артында адам тағдыры жатыр: біреуі кездейсоқ жағдайларға байланысты біздің ел азаматының құжаттарын уақытында ала алмады, ал екіншісі бұл мәселені басқа біреу жасауы керек деп сеніп, "өз бетінше қоя берді", ал енді бірі білместіктен ескі төлқұжатпен өмір сүрді. Сондықтан, бұл акция, бірінші кезекте, әрбір деректі егжей-тегжейлі және объективті зерделеуге және уақтылы көмек көрсетуге бағытталған. Айта кету керек, бұл акция мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың белсенді қатысуымен өткізілуде. Осы мақсатта 2020 жылдың қараша айында Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ, сондай-ақ, «Сана-Сезім» әйелдер мен бастамалардың құқықтық орталығы» ҚБ тиісті меморандумға қол қойды, - деп атап өтті полковник Е.Нұрсейітов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"