ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ШЫҒЫСЫНАН 12 ЖАСАР ҚЫЗДЫҢ ДЕНЕСІ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1171
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғандағы өндірістік аймақтың бірінен жасөспірімнің денесі табылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Жоғалған қыз 20 шілдеде үйден шығып кетіп, содан кері оралмаған. "Жоғалған жасөспірім туралы арызды тіркеу кезінде кезекші бөлімге Талдықорған қаласының "Шығыс" мөлтекауданында орналасқан өндірістік аймақтан қыздың мәйіті табылғаны туралы екінші хабарлама келіп түсті. Тергеу-жедел тобы жоғалған 12 жасар қыздың өлімі фактісін анықтады", - деп хабарлады аталған департамент өкілдері.

Оқиға болған жерді шолу және мәйітті қарау кезінде зорлық-зомбылық сынды қылмыстық белгілер байқалған жоқ. "Алдын ала болжам бойынша, қыз ғимараттың төртінші қабатынан құлаған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 3-бөлігі (өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды", - дейді полиция қызметкерлері.

Нәтиже алынғаннан кейін қосымша сот-ситуациялық сараптама тағайындалады. "Бұл факт бойынша барлық куәгерлер мен марқұмның туыстарынан сұрақ-жауап алынды. Полиция тергеудің толыққандылығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін болған оқиғаның бірнеше нұсқасы бойынша жұмыс жасауда. Қылмыстық істі тергеу барысы полиция басшылығының бақылауына алынды", - деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"