АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУГЕ ӘРБІР АЗАМАТ АТСАЛЫСУЫ ТИІС - УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ

Уақыты: 01.05.2022
Оқылды: 1241
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін маңызды мәлімдеме жасады. Онда Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.

Бұл ретте ел Президенті: «Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияға өзгерістер енгізу халықтың еркі мен бостандығынан хабар береді деп ойлаймын. Референдум әрбір азаматқа мемлекеттің болашағын шешуге белсенділікпен қатысуға мүмкіндік береді. Сол арқылы Жаңа Қазақстанның көптарапты демократиялануына бағыт аламыз», – деді.

Елімізде болып жатқан саяси өзгерістер Ата Заңның кейбір баптарын қайта қарап, толықтырулар мен өзгертулер енгізудің қажет екендігін көрсетуде. Мемлекет үшін аса маңызды құжатқа енетін өзгеріс бұрынғыдай тек Парламент қабырғасында қаралмай, бүкіл халықтық референдум өтетіні еліміздің демократиялық жүйеге қадам басқанының, билік пен халық арасында диалог орнай бастағандығының айғағы. Мұндай қадам еліміздің болашағы үшін өте маңызды деп санаймын. Осы референдумға еліміздің азаматтары бей-жай қарамайды деп сенемін. Өйткені, еліміздің алдағы дамуы, заңдық өзгерістер баршамызға ортақ мәселе. Референдумға қатысу арқылы біз өз үнімізді, қалауымызды, Ата Заңымызды өзгертуге ықыласты екендігімізді көрсете аламыз.

Мемлекет басшысының бұл бастамасы өте орынды, дер кезінде көтеріліп отырған халқымыз үшін ең қажетті қадам деп білемін. Сондықтан да мемлекетіміз үшін аса маңызды саяси науқанды қолдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, республикалық референдумның өз дәрежесінде өтуіне баршамыз жұмыла кірісейік. Осы арқылы біз саяси белсенділігімізді, демократиялық қоғам өкілі екендігімізді дәлелдей аламыз. Әрі еліміз үшін маңызды іске атсалысамыз.

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты,

«І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы, ректор, география ғылымдарының докторы, профессор