САПАСЫЗ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛСЕ...

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1301
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Соңғы уақытта адамдар сапасыз тұрмыстық қызмет көрсетілсе не істеу керек деген сауалға бас қатыра бастады. Бұл бір жағынан қуантады. Өйткені, бұл – өз құқықтарын қорғауға және білуге тырысатын адамдардың саны өсіп келеді деген сөз. Сауатты тұтынушылар қаншалықты көп болса, тауар және қызмет нарығы да соншалықты өркениетті және әділ. Бұл мақалада біз сіздің құқығыңыз бұзылған жағдайда қолға алатын әрекеттеріңіз туралы толық баяндаймыз.

ҚР Азаматтық кодексінің 428, 429-баптарына және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 35-бабына сәйкес, тұтынушы орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшіліктер табылған кезде өз таңдауы бойынша:
1. Орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді өтеусіз жоюды;
2. Орындалған жұмыс (көрсетілген қызмет) үшін сыйақыны тиісті мөлшерде азайтуды;
 3. Сапасы дәл сондай біртектес материалдан басқа затты өтеусіз жасап беруді немесе жұмысты қайта орындауды (қайта қызмет көрсетуді);
4. Тұтынушылардың кемшіліктерді жою құқығы шартта көзделгенде оларды жоюға арналған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы.
Егер орындаушы орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса не жұмыста (көрсетілетін қызметте) шарт-талаптарынан ауытқулар немесе жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) өзге де кемшіліктер айтарлықтай және жойылмайтындай болса, тұтынушы шартты бұзуға және залалды өтеуді талап етуге құқылы. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар жұмысты (көрсетілетін қызметті) қабылдаған кезде немесе оны орындау (көрсету) не ҚР Азаматтық кодексінде белгіленген мерзімдер ішінде оны пайдалану барысында кемшіліктер табылған жағдайда, ал жұмысты (көрсетілетін қызметті) қабылдаған кезде кемшіліктерді табу мүмкін болмаған жағдайда кепілді мерзім ішінде, жасырын кемшіліктер табылғанда бір жыл ішінде, ғимараттар және құрылыстармен байланысты жұмыстарға қатысты, сондай-ақ, жұмыс түріне қарамастан орындаушы қасақана жасырған кемшіліктерге байланысты жұмыстарды қабылдап алу күнінен бастап үш жыл ішінде қойылуы мүмкін. Мәселен, егер сіз жұмыс істемейтін теледидарды жөндеуге беріп, оны сол дұрыс көрсетпейтін қалпында кері қайтарып алсаңыз, онда сіз сатушыдан (орындаушыдан, дайындаушыдан) теледидарды тегін жөндеуді немесе ақшаңызды кері қайтаруды талап ете аласыз. 
Жұмыстың (көрсетілген қызметтің) тұтынушының өзінің және басқа да адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін кемшіліктерін өтеусіз жою туралы талапты тұтынушы немесе оның құқық мирасқоры жұмысты (көрсетілген қызметті) қабылдаған кезден бастап үш жыл ішінде қоюы мүмкін. Мұндай талап бұл кемшіліктердің қашан табылғанына қарамастан, оның ішінде кепілді мерзімі аяқталғаннан кейін анықталған кезде де қойылуы мүмкін. Жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) оны орындау (көрсету) барысында табылған кемшіліктер және орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктер, егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жойылуға тиіс. Кемшіліктерді жоюдың тұтынушы тағайындаған немесе тараптармен келісілген мерзімі шартта жазылады.
Жұмысты орындауды (қызмет көрсетуді) бастау және аяқтау мерзімдерін бұзғаны үшін, сондай-ақ жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктерді жою мерзімдерін бұзғаны үшін орындаушы, егер шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мерзімін өткізіп алудың әрбір күні үшін жұмыс (көрсетілетін қызмет) құнының бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс.
Тағы да есіңізде болсын, тапсырыс берген қызметтің орындалу барысында, сіз оның себеп-салдарын түсіндірмей ол қызметтен бас тартуға құқылысыз. Бірақ сізге оны көрсету кезіндегі орындаушының нақты шығынының орнын толтыруға тура келеді. Мәселен, туған күнге тортқа тапсырыс бердіңіз, бірақ күтпеген жағдайлар бойынша салтанат кейінге қалдырылды немесе мүлдем болмайтын болды да сіз тапсырыстан бас тарттыңыз. Сол арада кондитер сіздің тортыңыз үшін қамыр даярлап қойды. Бұл жағдайда сізге кондитерге келтірілген шығынды өтеуге тура келеді.
Қорыта келе, сапасыз қызмет көрсетуге байланысты тұтынушылық даулардың елеусіз үлесіне қарамастан, жалпы айтқанда, олардың мөлшері ең алдымен тұтынушы үшін аса маңызды екенін атап өткіміз келеді. Мекеме жұмыскерлерінің кінәсінен ойдағыдай өтпеген мерекені, оған жұмсалған шығынмен мөлшерлеу мүмкін емес екеніне келісетін шығарсыз немесе химтазартуда бүлінген сүйкімді затыңды жаңасымен ауыстыра алмайсың, ал сапасыз жөндеуден болған жұқарған жүйкені қалпына келтіру де көп уақытты алады. Сондықтан, мұндай оқиғаларды назардан тыс қалдырмау керек.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 
Алматы облысы бойынша департаменті.