САРБАЗ ӨЛІМІ. СУҒА ҚҰЛАҒАН БАЛА. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАР

Уақыты: 28.08.2022
Оқылды: 997
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында бір айдың ішінде бірнеше атышулы істер, қылмыстық оқиғалар, елді елең еткізетін жаңалықтар тіркелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

***

Жуырда Қарасай ауданы Шамалған ауылында шағын автобустың астында қалған бір жасар сәби көз жұмды. Микроавтобус рөлінде бүлдіршіндерді балабақшаларға тасымалдаумен айналысатын 69 жастағы ер адам болған. Анасы үлкен ұлын балабақшаға жіберу барысында сәби шағын автобусқа тым жақын тұрған. Көлік қозғалғанда ол дөңгелектердің астына түсіп қалған. Қарасай ауданының полиция бөлімінде аталған жайтқа байланысты "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

***

Дауылда әріптестерін құтқарып жүріп көз жұмған Ұлттық ұланның жауынгері Алмас Шахимов марапатқа ұсынылды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен мәлім болды.

Айта кетейік, қайғылы оқиға Алматы облысындағы 5571 әскери бөлімінде тіркелді. Ведомство дерегінше, 1-жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы далалық жаттығуда жүргенде дауыл көтеріліп, сарбаздар орналасқан шатыр бұзылған. Осы уақытта қатардағы жауынгер А.Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп, басына шатырдың темір жақтауы тиіп, жарақат алған. Оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Дегемен оны ажалдан аман алып қалу мүмкін болмады.

«Жауынгер А.Шахимов өзінің қаруластарын құтқару барысында жанқиярлық танытып, мерт болды. Марқұмның денесі Алматыдан Көкшетауға әскери бортпен жіберілді. Жауынгердің ата-анасына заңнамаға сәйкес, 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады», - делінген құзырлы орган таратқан хабарламада.

Ұлттық ұлан ақпаратына сай, жауынгер Алмас Шахимов 2003 жылы туған. Ақмола облысы Көкшетау қаласының қорғаныс істері департаментімен 2022 жылдың көктемінде әскерге шақырылған.

Еске сала кетсек, Алмас қаза тапқан дауыл кезінде тағы 14 әскери қызметші жарақат алған. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетілген.

***

Қонаевта әскери қызметші жұмысынан қуылған. Қазір аталған жайтқа қатысты тексеру басталды. Факті анықталған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылып, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

«Әлеуметтік желіде келісімшартпен қызмет атқаратын әскери А.Елшібаеваны Қарулы күш қатарынан заңсыз шығарғаны жайлы пост жарияланды. Онда қызметкерге батальон командирінің оғаш қылық көрсету фактісі айтылған. Осыған байланысты айта кетейік, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел комиссия құрылып, әскери бөлім тексеріске кірісіп кетті. Қатардағы жауынгер А.Елшібаеваның әлеуметтік желілерге жариялаған фактілері анықталған жағдайда кінәлілер қатаң түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тіпті, қызметтен шығарудан бастап қылмыстық іс қозғауға дейін жауап беретін болады», - делінген хабарламада. Сондай-ақ, ресми ақпаратта аталған жайттың Қорғаныс министрінің жеке бақылауында болатыны айтылған.

***

Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында адам өліміне қатысы бар күдіктілерге полиция іздеу жариялады.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер ұсталған сәтте сот санкциясымен бірден қамауға алынады. Қазір құзырлы орган мына төрт адамға іздеу жариялады:

1.Қозыбаев Ғани Мұратұлы 1991 жылы 3 қарашада туған. Оған 99 баптың (Адам өлтіу) 2 бөлігі 1,7,9 тармағы және 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдік келтіріліп отыр.

2.Тыныштықов Асқар Жаныбекұлы 1992 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген. Оған «Адам өлтіруге» оқталу бабы және 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдік келтірілді.

3.Шокенов Серікбола Мұратбеков 1992 жылы 1 қаңтарда туған. Ол 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке алынып отыр.

4.Аукенов Нұрсұлтан Бақтиярұлы 1992 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Ол 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке алынып отыр.

Полиция күдіктілер жайлы ақпарат білетіндер келесі номерге хабарласуды сұрайды: +7 701 500 08 47, +7 700 200 07 88, +7 702 717 77 17, +7 707 738 78 78, +7 72770 2 26 02 немесе 102.

***

Алматы облысында Қаскелең өзенінде отбасымен демалып жүрген 11 жасар бала абайсызда суға құлап, оны ағыс алып кетті.

«Әли отбасымен бірге өзен жағасында демалды. Бала өзен жағасында суретке түскісі келіп, кенеттен суға құлап кеткен. Анасы ұлын құтқаруға тырысты, бірақ одан түк шықпады», - делінген Instagram жазбасында.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Қарасай ауданына қарасты Қаскелең шатқалындағы Қаскелең өзеніне баланың құлап кеткені туралы хабарлама 18 тамыз күні сағат 14:40-та түскен. «Оқиға орнына Қарасай ауданы төтенше жағдайлар бөлімі және Қаскелең қаласы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері – 8 қызметкер мен 2 техника, Республикалық жедел-құтқару жасағының Алматыдағы жеке құрамы – 8 құтқарушы мен бір техника жіберілді», - деп нақтылады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. Сондай-ақ, іздеу жұмысына 80-ге жуық адам жұмылдырылған.

***

Қаракемер ауылында бір әскери қызметші ерлік жасады. Қоғамдық тамақтану орнынан қою түтін будақтап жатқанын байқаған әскери қызметші жарылыстың алдын алу үшін газ балондары мен тез тұтанатын заттарды сыртқа шығарып, өрт сөндірушілер келгенше жалынмен жалғыз күрескен.

Оқиға 13 тамызда Алматы облысындағы Қаракемер ауылынан бірнеше шақырым жерде болған. Алайда әскери қызметшінің бұл ерлігі жуырда ғана кафе иелерінің атынан бөлімге жеткен Алғыс хат арқылы аян етіледі.

Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің қызметшісі, подполковник Бақыт Ташкенбаев отбасымен Есік елді мекеніне бара жатқанда жол бойындағы кафеден шыққан қалың түтінді байқайды. Офицер тоқтай қалып, бірден көмекке жүгірген.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"