Талдықорған-Қонаев тарассасында «Сергек-2» камералары орнатылды

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 745
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған-Қонаев тарассасында «Сергек-2» камералары орнатылды. Қала маңындағы жолдарда жылдамдық режимін тексеруге және реттеуге арналған аппараттық кешен іске қосылады.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бақылауды күшейту мақсатында ІІМ автомобиль жолдары Комитетімен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, көлік құралдарының жылдамдықты асырғандарды анықтау, заң бұзушылықтарды тіркеу үшін қала сыртындағы трассаларда камераларды пайдалану жөніндегі сервисті іске асырды.

– 33 «Сергек-2» бағдарламалық-аппараттық кешені әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімімен интеграцияланған, яғни, нұсқамаларды жіберу заң бұзушыларға автоматты режимде жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда «Сергек-2» Шымкент - Қызылорда, Шымкент-Өзбекстан шекарасы, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Қонаев-Талдықорған және Астана-Павлодар автожолдарында жұмысқа дайын. Мұндай бағдарламалық кешен бұрын Көкшетау-Астана тас жолында іске қосылған болатын және бүгінгі күнге дейін жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу бойынша жақсы нәтижелер көрсетуде,– дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Биылғы 7 айда елдегі автокөлік тас жолдарында 7 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 1200-ден аса адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Оның ішінде жылдамдық режимін бұзуына байланысты қала сыртындағы трассаларда 730 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 300-ден аса адам қаза тауып, 1200-ден аса азамат зардап шеккен.

Ақтоты Боранбаева сондай-ақ, көрсетілген трассаларда 25 тамыз күні түнгі сағат 00:00-ден бастап «Сергек-2» кешені штаттық режимде жұмыс істей бастағанын, осы мүмкіндікті пайдалана отырып барлық жүргізушіден жылдамдық режимін және автокөлік арасындағы қашықтықты сақтаудың адам өмірі үшін аса маңызды екенін ескертті.

Айгүл Байжұмақызы