Жалпыға бірдей декларациялау

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 687
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР-ның 2017 жылғы 25 желтоқсандағы  № 121-VI ҚРЗ Заңының 45-1-бабы негізінде Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңде енгізіледі.

Бірінші кезең 2021 жылғы 1 қаңтардан басталды, екінші кезең – биылғы 1 қаңтарда, үшінші кезең келесі жылдың 1 қаңтарында, төртінші кезең 2025 жылдан бастап енгізіледі. Бұл туралы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Асхат Әбілмәжінов пен өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Ляззат Оразбекова айтты. Журналистер үйінде өткен брифингте скиперлер кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау тақырыбын сөз етті.

Биылғы жыл басынан мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, яғни, мұғалімдер, дәрігерлер, спорт және мәдениет қызметкерлері, квазимемлекеттік және ұлттық компаниялар қызметкерлері декларация тапсыруда. Алдағы жылы заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсырады.

Төртінші кезеңде азаматтардың қалған санаты декларациялау жүйесіне енудің бірінші жылында активтер мен міндеттемелер туралы 250-нысандағы декларацияны тапсыратын болады.

Тілшілермен кездесуде спикерлер декларация қалай жүзеге асырылады және оның мақсаты неде, қандай мүлік пен табыс декларациялануы тиіс, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны табыс ету мерзімі, тәсілдері және қайда тапсыру қажет екені түсіндірілді. Соңында Асхат Айтмолдаұлы журналистер сұрағына жауап берді.

Айгүл Байжұмақызы