Конституцияға 28 жыл толды

Уақыты: 30.08.2023
Оқылды: 1000
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл Конституцияға 28 жыл толып отыр. Осы уақытта еліміз әртүрлі діни, саяси және экономикалық түйткілдердің шешімін тауып, талай сындарлы жолдардан өткеніне қарамастан өзінің ішкі тұрақтылығын сақтай білді. Елдің жаңа даму кезеңі мемлекетке де өзгерістер, тың идеялар мен жетістіктер әкелді, бұл алдағы жаңа кезеңге жол ашуда. Мемлекетіміздің тұрақтылығына, экономикамыздың өркендеп дамуына, өркениетті ел ретінде танылуына тек Конституциямыз кепіл бере алады. 

 

Әрбір қазақстандықтың санасында Конституция күні Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданған тарихи күнімен байланыстырылады. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды, ол біздің еліміздің дамуындағы бетбұрыс болды.
Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар және республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.

Негізгі Заңда мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі атап өтілген. Қастерлі құндылықтарымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.

Тарихта және әлемдік тәжірибеде қазіргі заман үшін осындай маңызды оқиғалар өздерінің қоғамдық-саяси және тарихи маңыздылығына байланысты әрқашан айтулы мерекелерге айналды. Дәл осы оқиғаны тану негізінде белгілі бір мемлекеттің халқы қалыптасты, тәуелсіз мемлекеттің атрибуттары пайда болды.

Өзінің ауқымы бойынша бұл тарихи оқиға – мемлекет пен қоғамның негізгі Заңы, ал барлығымыз үшін кішкентайдан үлкенге дейін мемлекеттік мереке, ол тұтастай алғанда өз ауқымы бойынша жалпыұлттық болып табылады. Шынында да «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 267-ІІ Заңымен бұл күн мемлекеттік мерекеге тағайындалды.

Осылайша, Конституция күні мемлекеттік деңгейдегі мерекені білдіреді. Экономикалық және әлеуметтік реформалар ілгерілеп, жетілдіріліп, азаматтарға жаңа бостандықтар берілгендіктен ұлттық сананың өсуі, олардың тарихи құндылығына деген қызығушылық, олардың тарихын қайта бағалау барған сайын айқын көрінеді.

Республикадағы бейбітшілік пен келісім – жоғары мәдениет пен даналықтың, сондай-ақ, көреген ұлттық саясатының нәтижесі. Түрлі этникалық құрамдағы Қазақстан Республикасының ерекшелігі даму барысында мұнда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдері біртұтас қоғамға айналды.  біздің қоғамды этносаралық қақтығыстардан қорғаған адамдарды бірлікке айналдырды.

Біз, қазақстандықтар үшін Конституция күні мерекесі Қазақстанның демократиялық таңдауының тарихи дұрыстығын, қазақстандық мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын түсінуді, барлық қазақ- стандықтардың мемлекеттік тетіктерді жетілдіруге қатысуының маңыздылығын тағы да растау болып табылады.

Қоғамның өркендеуіне үлес қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жекебасы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз  – Тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Тимур ЖҰМАҒҰЛОВ,
 І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің құқық және экономика жоғары мектебінің деканы, 
философия докторы (PhD)