Азаматтық парыз

Уақыты: 30.08.2023
Оқылды: 844
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қасымханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, әз Тәукенің Жеті жарғысын жалғаған Ата Заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында өткен республикалық референдумда қабылданған болатын.

Бүгінгі Конституциямыздың артықшылығы, ең бірінші, мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтындығында. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»  деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.

Қысқа тарихи уақыт ішінде Қазақстан егеменді мемлекет болып, экономикалық қиындықтарды басып өтіп, тұрақты дамудың сара жолына түсіп, құқықтық және экономикалық негіздерін қалады деп айтуға толық негіз бар.

Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Ата Заңымыз – айбынымыз. Мемлекеттік аса маңызды мәселені шешу барысындағы талқылау мен шешу кезінде әр азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жете сезінуі қажет. Ата Заңды ардақтап, маңызына мән беру – әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті мен парызы.

Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақ-береке тілеймін. Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған Ата Заңымыздың айбыны арта берсін.

Ұлжан РАХЫМҒАЛИЕВА,
Ават ауылдық кітапханасының қызметкері
Панфилов ауданы