Зорлықшылдарға жаза күшейеді

Уақыты: 07.10.2023
Оқылды: 936
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша әкімшілік іс жүргізу енді полицияға арыз бермей-ақ қозғалады. Осы уақытқа дейін құқық қорғаушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша жалпы 714 шағым түсті. Өткен жылы 14 дерек тіркелсе, биыл нақты жағдай саны 23-ке артты. Мұндай ақпаратпен Жетісу облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Дәулет Смахов бөлісті.

– Отбасылық жанжал дерегі бойынша хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштің жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылықтар жасағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекс шеңберінде Әкімшілік қамауға алу мерзімдері айқындалды. Сондай-ақ, қайталама құқық бұзушылық орын алған жағдайда 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Қолданыстағы заңнамада отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасағаны үшін 5, 10 немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген, – деді Дәулет Төлеужанұлы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың 1 шілдесінен бастап отбасылық қысым үшін жаза күшейтілді. Егер де зардап шеккен адам өтініш жазудан бас тартса да әкімшілік іс қозғалады. Бұл шаралар тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге және барлық азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дастанбек Садық
Фото: ғаламтордан алынды