"Полицейлер қысым көрсетті": Жетісу облыстық полиция департаменті ер адам тамағын кескен келіншектің ісіне қатысты түсініктеме берді

Уақыты: 06.11.2023
Оқылды: 643
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облыстық полиция департаменті тергеу қызметкерлері Талдықорған ауруханасында жәбірленушіге қатысты заңсыз әрекеттер жасап, қысым көрсетті деген ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Немолчи" қоры Талдықорғанда полицейлер ер адамнан жәбір көрген келіншекті қорқытып, отадан шыға сала алып кетті деп мәлімдеген еді.  

Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарады.

"27 қазанда жәбірленуші оқиға орнынан ауруханаға жеткізілді. Оны көпсалалы аурухананың дәрігерлері тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Алайда медицина қызметкерлері ауруханаға жатудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Осыдан кейін тергеу шаралары жалғасты.

Болған оқиғаның мән-жайын анықтап, оны жәбірленуші деп тану үшін ол қалалық полицияға шақырылды, онда ол досымен бірге келді, бұл бақылау камераларынан түсірілген бейнежазбамен расталады. Тергеу кабинетінде әйелдің жауап беруге жағдайы болды, есінен тану сынды әрекеттер болмады", – деп хабарлады Жетісу облыстық ПД.

Олардың мәлімдеуінше, келіншек 31 қазанда облыстық ауруханаға жатқызылған.

Полиция жәбірленушіге қысым жасау және тергеу ісіне қатысты біржақты көзқараста болу туралы ақпаратты жоққа шығарды.

28 қазанда күдікті бірден қамауға алынды.

Айта кетейік, Талдықорғанда ер адам сүйіктісін бауыздамақ болған. Полиция істі “Бұзақылық” бабы бойынша қозғаған. Кейіннен іс “адам өлтіруге оқталу” бабына өзгерді.

 

Сурет көрнекілікке/ Петр Карандашов