Жетісу облысында 500-ге жуық  пиротехникалық бұйымдар тәркіленді

Уақыты: 29.12.2023
Оқылды: 622
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жаңа жылда аспан түр-түсті от шашуға толары мәлім. Бұл құралдың адам өміріне зиян тұстары да аз емес. Сол себепті  Жетісу облысында 25 желтоқсан  мен 3 қаңтар аралығында өңір аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 

Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдар, сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз стихиялық сауда фактілерінің жолын кесуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жетісу облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Диас Айнақұлов пен әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Юрий Пак мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда облыс бойынша 200-ден астам рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде тауарды заңсыз сауда жасағаны үшін 29 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы 432 данадан астам пиротехникалық бұйымдар тәркіленіп, әр адамға 25 АЕК мөлшерінде, яғни 86 250 теңге айыппұл салынды», - дейді Диас Айнақұлов.

Өңір тұрғындары арасында әзірге пиротехникалық бұйымдардан дене жарақатын алған дерек тіркелмеді. Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор баяндама соңында жетісулықтардан сертификатталмаған өнімдерді сатып алмауын және пиротехниканы пайдалану кезінде қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауын сұрады.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото:  Sputnik / Николай Хижняк