Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа салық төлеуге тиіс

Уақыты: 10.01.2024
Оқылды: 589
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа салық төлеуі керек, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

МКК мәліметінше, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) тек жеке тұлғаларға қызмет көрсеткен өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар үшін 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) уақытша енгізілген. БЖТ-ны қолдану кезеңі 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталды.

Биыл 1 қаңтардан бастап егер қазақстандық кәсіпкерлікпен айналыспаса, онда ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жарналарды (ай сайын 4 250 теңге) дербес төлей алады. Бұл медициналық мекемелерге жүгінуге мүмкіндік береді.

МӘМС төлеуден декреттік демалыстағы әйелдер, көпбалалы аналар және тағы басқасы босатылады. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. 

Егер адам кәсіпкерлік қызметті жалғастыра берсе, онда ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзіне ыңғайлы салық салу режимін – патентті (салық ставкасы 1%), оңайлатылған декларацияны (салық ставкасы 3%), бөлшек салық режимін (салық ставкасы 4%) таңдауы керек.

Салық режимін E-salyq Business мобильді қосымшасы арқылы таңдай аласыз. Онда салық, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептеледі және төленеді.

Әлеуметтік төлемдердің ең төменгі айлық сомасы – 17 425 теңге:

  • Міндетті зейнетақы жарналары – 8 500 теңге,
  • Әлеуметтік аударым – 2 975 теңге,
  • МӘМС жарнасы – 5 950 теңге.

Сондай-ақ жеке кәсіпкер жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы – 1 275 теңгені төлеуге міндетті болады.

Фото: Azattyq Ruhy