Құқықтық көмек көрсетеді

Уақыты: 29.01.2024
Оқылды: 564
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

2023  жылы әділет органдарына хабарласып, 4 мыңға жуық  азамат тегін заң көмегін ала алды. 

Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен кездескен Жетісу облысы Әділет департаментінің басшысы Ержан Еркеновтің айтуынша, өңірде 110 нотариус, 121 қорғаушы, 270  заң кеңесшісі  және 44 жеке сот орындаушылары қызмет етуде. 

Сонымен қатар, сот орындаушылардың өңірлік палатасымен бірлесіп, алимент  төлеуде  қиындықтарға  тап  болған 163 тұрғыны жұмыспен қамтылды. Зияткерлік меншік құқықтары саласында 6 субьектіге тексеріс жүргізіліп, 6 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде  бюджетке 400 мың теңгеге жуық айыппұл өндірілді.    

«Құжаттарды қабылдау электроны түрде жүргізілуде. Алайда интернетке  қосылу жылдамдығы төмен кейбір ауылдарда қағаз жүзінде жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан шалғай ауылдарға мамандар барып, құқықтық көмек көрсетеді. Осылайша 209  түрлі іс-шара өткізілді. Бұл қызметтер халық үшін мүлдем тегін. Әділет органдары ауыл тұрғындарына жер, отбасылық қатынастар, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу салалары бойынша құжаттарды ретке келтіруге көмектесті. Жалпы облыс бойынша 21 мыңға жуық  акт  тіркелді. Оның ішінде: туу туралы - 12 911, қайтыс болу туралы -  4146, неке қию туралы - 3 338, некені бұзу туралы - 573.  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Жетісу облысының коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы жылжымайтын  мүлікке  құқықтарды  тіркеу саласында 61 мың өтінішті тіркеді. Оның ішінде өтініштердің 80 пайызға жуығы электронды түрде берілді», - деді департамент басшысы.

"Жетісу-Ақпарат"