ІІМ-де кезектен тыс аттестаттау туралы айтылды

Уақыты: 04.03.2024
Оқылды: 401
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы ІІМ-нің кезектен тыс аттестаттау өткізу туралы бастамасын қолдады. 28 ақпанда тиісті Жарлыққа қол қойылды, – деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Polisia.kz дерегіне сүйеніп. 

Аттестация ­1 сәуірде басталады. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұл аттестаттаудың басты мақсаты – басшы лауазымдарды талантты және кәсіби білікті қызметкерлермен жасақтау үшін кадр резервін қалыптастыру. Полиция жұмысының сервистік моделін қалыптастыру саясатының логикалық жалғасы болмақ.

– Біз кадр саясатының трансформациясына көштік. Бізде орта буында қандай басшылардың жұмыс істейтінін жан-жақты зерделейтін кез келді. Бұл полицияның халыққа сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету және қауіпсіздік мәселесі бойынша қоғам сұранысын қанағаттандыру үшін жасалады, – деді Шыңғыс Алекешев.

Жалпы кезектен тыс аттестаттауға жататын лауазымдар тізбесі жеке құрамның 6%-ын құрайды. Аттестацияны өткізу үшін Ішкі істер министрі мен оның орынбасарларының төрағалығымен орталық және өңірлік аттестаттау комиссияларының құрамы бекітілді. Орталық комиссияның құрамына Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кірді.

Айта кету керек, өңірлік комиссиялардың құрамына осы құрылымдардың өкілдері алғаш рет кірді. Аттестаттау ретімен жүргізіледі. Ол: физикалық және атыс даярлығы; Қазақстан Республикасының заңнамасын білу және логикалық ойлауды тексеру үшін компьютерлік тестілеу; орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары өткізетін әңгімелесу кезеңдерінен тұрады.