ЗАҢГЕРЛІК КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Уақыты: 05.03.2024
Оқылды: 451
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жақында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске қосылды. Мақсаты – жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау, халыққа тегін заңгерлік көмек көрсету. Осы жоба аясында Қаратал ауданында тәжірибелі заңгерлер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Халық заңгері» акциясын өткізді.

 

Шара барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне қарасты превенция басқармасының офицері Мақпал Бекқұлова:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мамандары өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды қажет ететін тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беріп, көмек көрсетуде, – дей келе жүзеге асырылып жатқан жобаның негізгі бағыттарына тоқталды.

Заңгерлер жиынға келген адамдармен жеке-жеке сөйлесіп,  мәселелерін тыңдап, оларды шешуге көмектесті. Сонымен қатар, заңгерлер пайдалы кеңестермен бөлісіп, сыбайлас жемқорлықтан қалай қорғауға болатынын және құқық бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігі туралы айтты. Айта кетейік, бұл күні жүзге жуық адам тегін заңгерлік көмек алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ адалдық пен ашықтық үшін күресуге, сондай-ақ, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қолдауға дайын екенін көрсетті. Мамандар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы бойынша облыстың барлық аймақтарын қамтуды жоспарлап отыр.

А. Назарұлы
Фото: atr.kz