«Ekin Patrol» үмітті ақтауда

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 274
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында жол-көлік оқиғасынан болатын адам қазасы азайған. Жыл басынан бері 17 адам қаза тауыпты. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 26 пайызға төмендеген. Үш айда 62 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 110 адам дене жарақатын алған. Құқық қорғаушылар көрсеткіштің бұлай төмендеуін бейнебақылау құралдарының артуымен байланыстырады. Әсіресе «Ekin Patrol» құрылғысы тәртіп сақшыларына едәуір көмегін тигізуде екен.


 – Қазір құқық қорғау саласына жолдарда өлім санын азайту мақсатында жүргізушілер мәдениетінің деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялар мен құралдарды белсенді пайдалану қажет. Өткен жылы өңір полициясымен «Ekin Patrol» панорамалық бейнетіркеу мен көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын анықтаудың үш мамандандырылған жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешені алынды. Қондырғыға тоғыз бейнебақылау камерасы орнатылған, оныншысы көлік ішінде орналасқан. Осы жылы тағы бес осындай қондырғы алу жоспарлануда, – дейді Жетісу облысы ПД ППБ командирі Мәди Арғынбаев.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, «Ekin Patrol» бейнетіркеуді жүзеге асырып және қоршаған орта жағдайы туралы алынған деректерді жоғары сапада сақтайды. Сонымен қатар, көлік құралдарының нөмірлік белгілерін панорамалық тану және тіркеуді жүзеге асырады; алдыңғы жағына түсетін көлік құралдарының қозғалу бағыты мен жылдамдығын бес жолаққа дейінгі секторда анықтайды. Анықталған жол ережесін бұзу деректерін ҚР Бас прокуратурасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінің процессинг орталығы» ақпараттық жүйесіне жібереді. «Ekin Patrol» пайдалануға берілген уақыттан бері 2157 құқық бұзушылық анықтаған және 35 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. 

Жалпы, жетісулық тәртіп сақшылары жол ережелерін сақтауда заманауи қондырғылардың игілігін көруде. Полицейлер белгіленген учаскелерді патрульдеу барысында үш дрон пайдалануда. Жыл басынан бері дрондардың көмегімен 59 тәртіп бұзушыны анықтаған.