Жетісу облысында интернет-алаяқтық төмендеген

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 271
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында интернет-алаяқтық фактілері айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы облыстық криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мәди Бағдатұлы брифингте айтты.


Қабылданған алдын алу шараларының арқасында интернет-алаяқтықтың тіркелуі 27,3 %-ға төмендеді. Егер өткен жылы олардың саны 165 болса, биыл жыл басынан бері 120 дерек тіркелді, – дейді М. Бағдат.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатында өңірдің полицейлері тұрақты негізде акциялар мен профилактикалық іс-шаралар өткізеді, оның барысында тұрғындарға интернет-алаяқтардың құрбаны болмау туралы түсіндіріледі.

– Жыл басынан бері облыс тұрғындары арасында тәртіп сақшылармен 56 мыңнан астам брошюралар мен тақырыптық буклеттер таратылды. Ақпан айында біз еліміздің жетекші банк өкілдерімен жұмыс бабындағы кездесуге бастамашы болдық. Кездесу барысында интернет-алаяқтықпен күрес мәселелері, атап айтқанда азаматтарды алаяқтардың айла-амалдарынан қалай қорғау керектігі талқыланды, – деді М.Бағдат.

Сонымен қатар сақтық шаралары туралы мәтіндер барлық жерде дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы таратылады. Атап айтқанда супермаркеттер мен базарларда, қоғамдық көліктер мен автовокзалдарда, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда тұрғындарға ескертіледі.

Әр демалыс сайын өңір полицейлері бірнеше топқа бөлініп, көпқабатты және жер үйлерді аралап, көшеде өтіп бара жатқан адамдарға алаяқтардан қалай қорғану керектігін түсіндіреді. Жыл басынан бері облыс орталығының полицейлері 2 мыңнан астам жеке және 90-ға жуық көппәтерлі үйлерді аралап шықты.

– Көп нәрсе азаматтардың өздеріне байланысты, осыған орай барлығынан мұқият болуды және алаяқтардың айла-амалдарына берілмеуін сұраймыз. Егер сізге банк шоттарыңызға қарсы жасалған қылмыстық әрекеттер туралы хабарланса, эмоцияға берілмеңіз, банктің ресми телефоны арқылы ақпаратты тексеріп, филиалға жеке барыңыз. Егер сізге полиция қызметкерлері, сот орындаушылары немесе басқа да ресми адамдар қоңырау шалып, өздеріңізге салынған шектеулер туралы немесе сіздің туыстарыңыз ЖКО кінәлі болып шыққаны туралы хабарласа иланып қалмай ақпараттың растығына көз жеткізіңіз. Ресми арналар арқылы сізден ақша немесе қандай да бір қаржылық операциялар талап етілетін кез келген ақпаратты міндетті түрде тексеріңіз. Бұл күмәнді хабарламалардан және алаяқтардың айлаларынан аулақ болудың ең сенімді жолы, – деп толықтырды М. Бағдат.