Талдықорған тұрғындары арасында нашақорлықпен күрестің тиімділігі жөнінде әлеуметтік сауалнама жүргізілді

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 300
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласының тұрғындары арасында нашақорлықпен күрестің тиімділігі жөнінде әлеуметтік сауалнама жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев деструктивті мінез-құлықтан арылуға шақырды. Сондай-ақ қоғамда туындаған жаңа кемшіліктерге назар аударды. Бiрiншi кезекте бұл есiрткi саудасы, оның iшiнде нағыз эпидемияға айналған синтетикалық есiрткiлер. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері денсаулық сақтау басқармасымен, “Қос Қанат” ҮЕҰ және Талдықорған қаласының еріктілерімен бірлесе отырып, тұрғындар арасында нашақорлыққа қарсы күрестің тиімділігі туралы әлеуметтік сауалнама жүргізді.

– Егер біз нашақорлықпен бірігіп күресетін болсақ, онда көптеген жағымсыз жағдайлардың алдын ала аламыз, – деп атап өтті ПД ЕҚҚІҚБ жедел уәкілі Меруерт Искакова.

Сауалнама барысында облыс орталығының тұрғындарынан есірткі заттарының таралу орындары жайлы, өңірдің жастарын нашақорлыққа қарсы күреске тарту қажеттілігі мен жастар арасында есірткіге тәуелділік туралы сұрақтарға жауап алынды.

– Есірткі жастарымыздың физикалық және психологиялық денсаулығын улайды, осыған байланысты бұл зұлымдықпен қарқынды күресу керек, себебі еліміздің болашағы жастардың қолында, – деп қосты М. Искакова.

Іс-шара барысында тұрғындарға өздерін және жақындарын есірткіден қалай қорғау керектігі, жасөспірімдердің арасындағы есірткі тәуелділігімен күрес бойынша ақпараты бар тақырыптық буклеттер таратылып, сондай-ақ есірткі заттарының таралуы мен қолданылуына куә болған жағдайда қайда хабарлау керектігі түсіндірілді.