Әскери тәртіп пен қорғаныс шебінде...

Уақыты: 23.04.2018
Оқылды: 2094
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

     ҚР Қарулы Күштері Әскери полициясы органдарының құрылғанына 21 жыл болды. Осыған орай Талдықорған гарнизонының әскери полиция жасағының жеке құрамына мерекелік бұйрық оқылып, қызмет барысында көзге түскен әскери қызметшілер басшылықтың грамоталарымен марапатталды. Салтанатты шарада әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Қайрат Жүніспеков әскери полицияның құрылуы мен міндеттеріне арнайы тоқталып өтті.   

 

 Талдықорған гарнизонының әскери полициясы әскери комендатура мен автомобиль инспекциясынан бастау алған. Бөлім бүгінде ҚР Қарулы Күштерінің арнайы әскери құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылады. Құрылған күннен бері ҚР Конституциясын, «Әскери полиция органдары туралы» ҚР Заңын, сондай-ақ өзге де нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып өз жұмысымызды тыңғылықты жүргізіп келеміз, – дейді подполковник Қ. Жүніспеков.
   Аталған құрылымдық бөлімше ҚР Заңдарымен белгіленген құзыры шегінде қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтайды, олардың алдын алады. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың салдарымен күресіп қана қоймай, оларды жасауға ықпал ететін жағдайлардың себебіне үңіліп, тергеу амалдарын жүргізеді. Әскери бөлімді өз бетімен тастап кеткен тергеу органдары мен соттан жасырынып жүрген әскери қызметшілерді іздеуде де қарқынды жұмыс атқарып келеді.
 Сонымен қатар, әскери полиция бөлімі азаматтардың арыз-шағымдарын қарайды, гарнизондағы әскери бөлімдер бойынша төтенше жағдайлар жайлы жедел ақпаратты тіркеп, оны талдайды.
    Бұдан басқа заңмен белгіленген тәртіп бойынша мерзімді және келісімшартты әскери қызметкерлермен, әскери жиын кезінде запастағы азаматтармен, әскери бөлімдер мен мекемелер ішіндегі азаматтық персоналмен олардың қызмет атқару барысында немесе сол бөлім ішінде жасаған қылмыстарын әшкерелеп, тергеу амалдарын жүргізеді.

Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі
департаментінің баспасөз қызметі