"АЙБАЛТА-2019": БАС ҚОЛБАСШЫ БОТҚАДАН АУЫЗ ТИДІ

Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 1030
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Алматы облысындағы сапары «Көктал» оқу полигонының негізгі нысанын аралаумен ары қарай жалғасты. Сапар аясында Президент «Айбалта-2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың өткізілу барысымен танысты.

Бұл жайлы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Шараға барлығы 800 әскери қызметші мен 2000 қару-жарақ және әскери техника жұмылдырылды.

Мемлекет басшысы полигонға келіп, командалық бекетке келді. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету нысаны мен ұшқышсыз ұшатын құрылғыны басқару бекетін қарап шықты. Президентке «Айбалта-2019» командалық-штабтық оқу-жаттығуының міндеттері мен негізгі кезеңдері туралы баяндалды.

Сапарда Мемлекет басшысы - Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы әскери қызметшілермен кездесіп, оқу-жаттығуды табысты аяқтауларымен құттықтады және Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сәттілік тіледі. Шара соңынан Мемлекет басшысы алаңда тігілген лагерьге кіріп, сарбаздар ботқасынан дәм ауыз тиіп, жауынгерлермен әңгімелесті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтынан алынды

Панфилов ауданы