ӘСКЕРИ МАМАН ДАЯРЛАЙДЫ

Уақыты: 07.05.2019
Оқылды: 1068
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Талдықорған қалалық әскери-техникалық мектеп 2001 жылдың 1 қыркүйегінде құрылып, жемісті жұмыс істеп келеді. Мереке қарсаңында мектепке арнайы барып, негізгі қызметімен танысып қайттық.

Толық жөндеуден өткен ғимараттың іші де, сырты да сәнді. Білім беруге арналған барлық жабдықпен қамтылған. Мектеп осы күнге дейін 1191 әскери-техникалық маман даярлап шығарған. Оқу орны басшылығымен тілдескенімізде әскери-техникалық мамандықтар бойынша әскери қызметке жарамды 17 мен 24 жас аралығындағы азаматтарды даярлап, олардың бағыты бойынша борышын өтеу үшін ҚР Қарулы күштеріне жіберілетінін айтты. 
 2013 жылдан бастап әскери-оқытылған резерв бағдарламасымен «Атқыш» мамандығы бойынша білім беру жүргізіліп келеді. Оқуға 24-тен 27 жасқа дейінгі аралықтағы әскерге шақырылушылар қабылданады. Аталған мамандық бойынша азаматтарды даярлау 40 күн ішінде өткізіледі. Оқу ақысы – 263 мың теңге. Оған жаздық және қыстық далалық әскери киімдері, әскери норма бойынша үш мезгіл тамақтандыру, 40 күн филиал казармасында жатып оқу шығындары енеді. Оқу аяқталған соң түлектер емтихан тапсырып дұрыс баға алса, салтанатты түрде Әскери ант қабылдайды және оларға оқуды бітіргені туралы сертификат беріледі. Сол сертификат арқылы әскерге шақырылушы халыққа қызмет көрсету орталығына тиісті құжаттарды тапсырып, әскери билет алады. 
Казарма мен асхананы, сабақ өтетін кабинеттерді аралап, техникаларды шолдық. Осылайша, білім алушыларға толық жағдай қарастырылғанына көзіміз жетті. 
Былтыр 9 мамырда оқу ғимаратынан «Жауынгерлік даңқ» музейі ашылыпты. Музей экспозициясы Ұлы Отан, Ауған соғысының ардагерлеріне және ҚР Қарулы күштерінің қатарында қазіргі заманда да ерлік жасаған әскери қызметкерлерге арналған. Музейді аралау барысында онда ерлігімен танылғандардың өмірбаяндары, жеткен жетістіктері және соғыс қарулары топтастырылғанын байқадық. Аймақтағы мектеп оқушылары, жоғары және арнаулы оқу орындардың білімгерлері музейді жүйелі түрде аралайды.


Мектепте 3 ай бойы оқытылатын әскери-техникалық мамандық бар. Айталық, МТ ЛБ шынжыр табанды тартқыш механик-жүргізушісі және «В», «С» санаттары мен «С1» кіші санаты көлік құралдарының жүргізушісі мамандығы бойынша дәріс өтеді. Ол көбіне 17 мен 24 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Оқу аяқталған соң түлектерге оқуды бітіргені туралы куәлік беріледі. Содан соң мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырады. Әрмен қарай оқуды бітірген әскерге шақырылушылар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке жүгініп, мерзімді әскери қызметін өтеуге аттанады.
Мектеп қызметкерлері мен оқушылары Талдықорған қаласындағы Ұлы Отан, Ауған соғысы ардагерлерінің және Чернобыль апатын жоюшылардың отбасыларына дәстүрлі түрде көмек көрсетіп келеді. Облыс орталығында өтетін көптеген іс-шараларға да белсенді қатысады. Спорттық сайыстардан алған жүлделері де жетерлік. Сондықтан Отан алдындағы борышын өтеу, білімін шыңдау мақсатын көздеген жандардың осы мектеп жайынан хабардар болғаны құба-құп.
 

Мәулен ӘНЕРБАЙ