ҚАЗАҚСТАН ДЕСАНТШЫЛАРЫ РЕСЕЙДІҢ ПСКОВ ҚАЛАСЫНА ТҮСІРІЛДІ

Уақыты: 30.07.2019
Оқылды: 1529
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

V халықаралық армиялық ойындардың «Десанттық взвод» конкурсына қатысатын әскери қызметшілер Ресей Федерациясының әйгілі Псков қаласына келді.

Қазақстандық команда Псковқа соңғылардың бірі болып қонды. Десантшылардың тасымалы Алматы - Ақтөбе - Чкаловск - Псков бағытымен өтті. Сайысты ұйымдастырушылар қазақстандық команданы ерекше ілтипатпен, жылы жүзбен қарсы алды.

Әскери қызметшілер су жаңа казарманың үй-жайларына орналасты. Іште қару сақтау бөлмесі мен киім жуатын машиналарға дейін керек-жарақтың барлығы бар. Десантшылардың көңіл-күйлері өте жақсы. Ертеңгі күні оларды мәдени-танымдық серуен мен бірінші жаттығулары күтіп тұр.

Әскери қызметшілерді күтіп алған дивизия командирінің орынбасары, полковник Роман Самохин сайысқа қазақстандық десантшылардың қатысуы сайыстың дәрежесін көтеріп, мәртебесін асыратынын айтты. Себебі, біздің десантшылар посткеңестік елдердің ішінде ең мықтылардың бірі болып танылған.

Биылғы V халықаралық армиялық ойындар 3-17 тамыз аралығында өтіп, 10 елдің аумағын қамтитын болады. Олар: Әзірбайжан, Армения, Беларуссия, Иран, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Монғолия, Ресей мен Өзбекстан. «Десанттық взвод» конкурсына ұзын-ырғасы 20 елдің өкілі қатысады.

Рүстем ИГІСІНОВ,

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы