АЛАКӨЛ АУДАНЫ: ТОҒЫЗ СИЫР ҰРЛАҒАН ЕКІ АЗАМАТ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 06.01.2020
Оқылды: 1428
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері ұрланған сиырларды тауып, иелеріне қайтарды. Аталған дерек Алакөл ауданында тіркелді. Өткен жылдың 15-16 желтоқсан күндері Қазақстан ауылының екі тұрғынына тиесілі асыл тұқымды тоғыз сиыр қолды болған еді. Ауыл тұрғындары өздері іздеп таба алмаған соң, жақында полицияға арызданған.

- Екі жігіт мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінді. Олардың бірі бұған дейін ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта екі күдікті де ұсталып, қамаққа алынды. Ұрланған сиырлар Үшарал қаласының маңынан табылды. Қолды болған малдар жергілікті үш фермерге сатылғаны анықталып, тәркіленді және сиырлар заңды иелеріне қайтарылды, - деді Алакөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Оспанов.

Облыстық полиция өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес, жоғалған сиырлардың тек жетеуі ғана өз иелеріне қайтарылған. Қалған екеуі сойылып, еті сатылғаны белгілі болды. Күдіктілер ауыл тұрғындарына 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Мал ұрлығы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілердің бұдан өзге қылмыстарға қатысы бары анықталуда.

- Өткен жылы облыс бойынша мал ұрлығының 680 дерегі ашылған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері ұрланған 900-ден астам малды тауып, заңды иелеріне қайтарды, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды