"АШЫЛМАЙ ҚАЛҒАН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ҰШАҚ ҚОНДЫ

Уақыты: 05.05.2020
Оқылды: 1135
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысындағы Жетіген әскери әуежайына ҚР Қорғаныс министрлігінің ұшағы апатты жағдайда қонды.

Бұл жайында Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел: «Алдыңғы шассиі ашылмай қалған әскери ұшақ Жетіген аэродромына қонды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша әуежайға жедел жәрдем қызметі мен құтқарушылар аттанды. Құдай қолдап, олардың көмегі қажет болған жоқ. Ұшақ жер бауырлап барып қонды. Ұшақ жерге қонғанға дейін ұшу-қону алаңына көбік төгілген болатын. Қазіргі уақытта жолаушылар мен ұшақтың экипажы эвакуацияланды», - деді.

Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағытындағы әскери ұшақтың апатты жағдайына байланысты тағы бір мәлімет тарады. «4 мамыр күні жоспарлы тапсырманы орындау барысында С-295 әскери ұшағының алдыңғы шассиінен техникалық ақау шықты. Экипаж командирі, бірінші санаттағы ұшқыш Жеңіс Зейнолдинов, командир көмекшісі Абылай Ыбыраев және борт инженері, майор Карим Пахритдинов ұшақты аэродромға шассисіз қондырды. Экипажда басқа адам болған жоқ», - деді ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.

Спикердің айтуынша, оқиға орнына арнайы комиссия жіберілді. Арнайы комиссия мәселенің мән-жайын анықтайтын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"