Сабыровтар саябақ ашты

Уақыты: 05.09.2017
Оқылды: 2913
Бөлім: ТҮПСАНА

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылының тұрғындары қуанышқа бөленді. «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған демалыс саябағы есігін айқара ашты. Саябақтың салтанатты ашылуына облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Көркіне көз тоятын бұл мәдени орын бір гектар аумақты алып жатыр. Ішке енген бойда-ақ қаладағы демалыс орталығына кіріп кеткендей әсерге бөленесіз. Жасыл желекке толы саябақта не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған алаңқайда түрлі аттракциондар балғындарды «мұнда кел» деп өзіне шақырып тұрғандай. Шағын стадион да барлық талаптарға сай жасалыпты. Енді жастардың алаңсыз футбол, бас­кетбол және волейбол ойындарымен шұғылдануына ешқандай кедергі жоқ.

Мұнда ауыл өнерін дамытуға зор мүмкіндік туып отыр. Жаздық сахна соның кепілі. Сәнді ағаштар, құлпырған гүлзар – саябақтың көркі. Қатар-қатар тізілген орындықтар өз үйлесімін тапқан. Аядай ғана ауылға мұндай мәдени орынды салып берген «Амал Био» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелері  Сабыровтар отбасы. Берекелі шаңырақ ащыбұлақтықтарға осындай саябақты сыйға тартты.

Осыдан үш ай бұрын «Туған жерге туыңды тік» акциясының Ащыбұлақта өткені есімізде. Сол шараның өту барысында Сабыровтар өз жоспарларын паш етіп, осы орынға болашақ саябақтың қазығын қаққан болатын. Ер екі сөйлемейтінін көрсетіп, уәдесінде тұрды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады», –  деп атап көрсеткен еді. Бұл бағдарламаны жетісулық кәсіпкерлер терең сезіммен түсінді. Сіздер бүгін соның бір мысалына куә болып отырсыздар. «Амал Био» ЖШС-ның иелері – Асқар және Динара Сабыровтар елге деген пейілін, жерге деген мейірін ықыласпен көрсете алды. Үлкен шаруа тындырды. Мұндай азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дей келе, Амандық Ғаббасұлы кәсіпкер Динара ханымды Алғыс хатпен марапаттады.

Осыдан бес жыл бұрын «Амал Био» ЖШС алма ағашының көшеттерін шетелдерден алдырып, интенсивті бақ өсірді. Сол бақ бүгінде жапырағын жайып, берекенің бастауына айналып отыр. Өнімдері өзімізге ғана емес, халықаралық сұраныстарға ие. Жеміс пен көкөніс өңдейтін өндірістері де күн санап кеңейіп келеді. Сабыровтар отбасы соған лайық. Олар мұндағы жұрттың бәрімен бауыр, бәрімен туыс. Ауылдың жүзден астам азаматын жұмыспен қамтамасыз етіп, үлкен ұжым құра білді.

– Алдағы уақытта ауылдық округке қарасты Ж. Қайыпов және Қазақстан ауылдарына дәл осындай саябақтар салуды жобалап отырмыз, – дейді Динара ханым.

Ауылдық ақсақалдар ке­ңе­сінің төрағасы, зейнеттегі ұлағатты ұстаз Едіге Сапаев игілікті іске ақ батасын арнап, көпшілікке құт-береке тіледі. Саябақ іші аудан және ауыл өнерпаздарының ән-биіне ұласты.

Болат МӘЖИТ,

Еңбекшіқазақ ауданы.