Сақшылар сыныбы

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1583
Бөлім: ТҮПСАНА

Жаңа оқу жылы облыс тұрғындары үшін ерекше жаңалықпен басталды. Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде орналасқан №7 жалпы білім беретін орта мектепте тәртіп сақшыларын дайындайтын кадет сыныбы ашылды. Бұл еліміздің құқық қорғау жүйесінде тұңғыш рет қолға алынып отырған мәселе.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлығы 34 оқушыға арналған сыныпта 12 қыз және 22 ұл білім алады. Оқушылар үшін арнайы мектеп униформасы тігіліп, құқықтану пәні бойынша қосымша сабақтар оқытатын жаңа бағдарлама дайындалып отыр. Алғашқы қоңырау аясында өткізілген тұсаукесер салтанатына қатысқан облыстық ішкі істер департаменті штабының басшысы, полиция полковнигі Гүлбара Жирембаева бұл сыныптың еліміздің құқық қорғау саласын дамытатын мамандарды дайындауда үлкен маңызға ие екендігін жеткізді.
– Біздің кадеттерге іріктеу бесінші сынып оқушылары арасында жүргізіліп, арнайы мамандандырылған топта білім алуға құлшыныс білдірген және түрлі мектептерден тестілеу арқылы анықталған оқушылар алынды. Ол үшін ата-аналар да өз келісімі мен ризашылығын беруі керек, – деген штаб басшысы кадет сыныбын оқытудың жоспарын таныстырды. – Кадеттер үшін мектептің жалпы білім беру бағдарламасына өзгерістер енгізудің қажеті жоқ. Тек құқықтану, юриспруденция пәндері бойынша қосымша сабақтар беріледі. Онда да құқық қорғау тақырыбына қатысты факультативтік сабақтар оқытылады. Осының өзі әрбір баланың болашақ мамандығын таңдауына септігін тигізері анық. Бұл өз кезегінде Қазақстанның құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін білікті де білімді мамандар қатарын толықтыра түседі.
Кадет сыныбының жобасы соңғы бірнеше жылдың ішінде облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың қатысуымен талқыланып, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ, бұл жобаның дайындалуына Білім және ғылым министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің мамандары қатыстырылды.
Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Марат Күштібаевтың айтуынша кадет сыныбына іріктеу кезінде оқыту мен оқуға қатысты көптеген жайттар ескерілген.
– Кадет сыныбын құрар кезде оқушылардың жасы, сабақпен қамтылуы, оқыту тәсілі, үйрету жолдары және пәндерді оқытушылардың ерекшелігі ескерусіз қалмады. Қосымша сабақтарды заңдық білімі бар тәжірибелі педагогтар жүргізеді. Оқыту үрдісін Іле аудандық ІІБ мен облыстық ІІД аппараты өз қадағалауына алып отыр, – деген Марат Әлімқұлұлының сөзіне қарағанда бұл сынып жастарды отаншылдық, патриоттық рухта тәрбиелеуге жол ашады. – Оқушыларға полицияның жас көмекшілері мәртебесі беріледі. Сабақ кестесінде саппен жүру және жол жүру ережелері, алғашқы әскери дайындық, атрибутика, арнайы және әскери дәрежелерді тану сынды құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты шараларды тереңдетіп оқыту кіргізілген. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Іле ауданындағы №7 мектеп арнайы таңдалып отыр. Себебі, ауданның жалпы білім беру жүйесінде «жас шекарашы» сыныбы жұмыс істейді.
Жаңа жоба қандай нәтиже беретіні алдағы күндердің еншісінде. Оған дейін бесінші сыныпқа қадам басқан жас талаптар инемен құдық қазғандай білім алып, өмірлік армандарына қол жеткізуге ұмтыла бермек.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Іле ауданы.