АҚЫНДАР МЕН БАТЫРЛАР ЕЛІНЕН БАСТАДЫ

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 2319
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясындағы «Рухани керуен» жобасымен облыс орталығынан аттанған жұ­мыс тобы Жамбыл ауданына келді. Құрамына облыстық басқармалар мен Жетісу өңірінің зия­лы қауым өкілдері енген керуен аудан орталығында бір күн бойы әртүрлі шаралар өткізді.

Облыстық дін істері бас­қармасының ұйымдас­тыруындағы делегация алдымен Ұлы Отан соғысы боз­дақтарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активімен жүздесті. Кездесуде облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов «Рухани керуен» жобасының мақсат-міндетімен таныстыр­ды. Үш айдың ішінде аудан, қалаларды түгел аралап шығуды мақсат еткен сапарды осы ауданнан бастаудың өзі тегін еместігін тілге тиек етті. Сүйінбай мен Жамбылдай арқалы ақындардың, Қарасайдай батырлардың елі рухани дүниеге бай киелі мекен. Тамыры терең, өзегі өлең жұрт. Ұлт дәстүрін ұлықтауда өзгеге берер өнегесі мол. Сондықтан осы жерден басталған істің сәтті боларына сенімді екенін атап өтті.

Жұмыс тобының құрамындағы елге белгілі спорт ардагері, Әлем және Олимпиада чемпионы болған даңқты балуан, облыстың Құрметті азаматы, бүгінде кәсіпкерлік қызметте көпке үлгі болып жүрген Жақсылық Үшкемпіров ұлттық рух, намыс төңірегінде тереңнен ой қозғады. Жиында сондай-ақ аудандық «Ақ әжелер» халықтық-этнография­лық ансамблінің көркемдік жетекшісі, ардагер-ұстаз Күміс Кемелбекова, Талғар ауданының Құрметті азаматы, ақын-сазгер Кәмнұр Тәлімов, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырғызбек Атагелдиев рухани жаңғыру, ұлттың асыл мұраларын сақтау төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

Аудандық кітапхана­да­ғы «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақыры­бындағы зиялы қауым өкілдерімен сұхбат та пайдасы мол пайымдауларымен мазмұнды өтті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев жүргізді. Оқырман залындағы «Туған елім – тұғырым» атты кітап көрмесімен танысқан көпшілік рухани керуеншілердің тағылымды әңгімелерін тыңдап, өздері де пікір білдірді. Аудан елді мекендерінен ақсақалдар, ардагерлер, ерікті жастар қатысқан басқосуда дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, Жақсылық Үшкемпіров, Кәмнұр Тәлімов, сазгер Бақберген Асқарбеков ой бөлісті. Аудандық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Таңжарық Болатхан жамбылдық жастардың атқарған жұмысымен таныс­тырып, еңбек ардагері Дүйсебек Малдыбаев кейінгі буынды еңбекқорлыққа шақырды.

Жұмыс тобының мүшелері аудандық ауруханада «Денсаулық – болашақ кепі­лі» тақырыбында діни себептермен екпеден, қан құюдан бас тартқан азаматтармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізді. Орталық базар, автобекет сияқты халық көп шо­ғыр­ланған орындарда «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» тақырыбында сурет және кітап көрмесін ұйымдас­тырып, көшеде үлестірме қа­ғаз­дарын, флаерлер таратты. Түрлі ұлт өкілдерінің ба­лалары көп­­теп оқитын С. Бер­­­діқұлов атындағы орта мектепте бі­лік­ті дінтанушы ғалымдар «Ақпараттық түсіндіру жұмысы – діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейді» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Мектептердің дінтану пәні мұғалімдері қатысқан шарада Ұзынағаш селолық округінің әкімі Ескелді Қасымовтың ауылдағы діни ахуал туралы хабарламасы тыңдалды.

Облыстың құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен тұратын енді бір топ Ұзынағаш және Қарғалы ауылдарында жат діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтармен оңалту жұмыстарын жүргізді. Ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары деструктивке шалдыққан отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу мақсатымен олармен аудандық кітапханада кездес­ті. «Рухани жаңғыру: жарқын істердің бастамасы» тақырыбында өткен шарада олардың әлеуметтік мәселелерін шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Дінаралық татулық – болашаққа нық қадам» тақырыбында діни бірлестік жетекшілерімен өткен кездесу де мазмұнды. Дін істері басқармасының басшысы Рахмет Разбекұлы мен аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев жүргізген жүздесуге негізінен имамдар жиналды. Сонымен қатар спорт кешенінде  «Дін бірлігі – ел тұтастығының кепілі» айдарында волейболдан жарыс тартысты өтті. Оған төрт команда: имамдар, жастар, облыстық дін істері басқармасы және ауданның әртүрлі спорт түрлерінен жеңімпаз спортшылардан құралған командалар қатысты.

Кешкісін аудандық Мәдениет үйінде «Рухани мұра» атты концерттік бағдарлама тамашаланып, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әртістері және аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблі ән мен жырдан шашу шашты. Кәделі әндер, жақұт жырлар, тағылымды термелер орындалғаннан кейін көрермен назарына облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының  «Дертке дауа–Хақ жолы» атты әсерлі әлеуметтік драмасы ұсынылды. Діни экстремизм мен терроризм жетегінде кеткен жігіттің тағдыры сомдалған спектакльдің жас көрерменге берер тағылымы мол болды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ,

Жамбыл ауданы.