КЕРУЕН ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1533
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Рухани керуен» жобасы бастау алды. Облыс­тық дін істері басқармасы ұйымдастырған игі шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы келіп, ақ жол тіледі.

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін ілгерілету, дінімізді насихаттау, рухани құндылықтарды жеткізу, дес­труктивті діни ағымдарға қарсы күресу, тұрғындардың санасын жаңғырту және туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жолға шыққан керуен сапары 3 айға созылады. 50-ге жуық әртүрлі сала мамандары өңірдегі қала, аудандарды аралап, түсіндіру жұмыс­тарын жүргізбекші. Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында орын алған «Рухани керуен» жобасының салтанатты ашылуында Жақсылық Мұқашұлы:

– Әлемдегі діни ахуалдың қиындығына өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Оның салқыны бізге де тиюде. Соған қарсы елдің иммунитетін ояту, экстремизмді болдырмау және асыл дініміз бен ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осындай жобаны қолға алдық, – деп игі шара жайлы әңгімеледі. Әрмен қарай сахна төрінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ақжарма тілегін білдірді. Ал ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, кино актері Әлімғазы Райымбеков ақ батасын арнады.

«Рухани керуен» жобасы аясында құрылған жұмыс тобы елді мекендерді аралау барысында «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен сұхбат өткізеді. Сондай-ақ, «Денсаулық – болашақ кепілі!» тақырыбында діни себептермен екпе, қан құюдан бас тартқан азаматтармен жұмыс, «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» атты сурет және кітап көрмесі, «Ақпараттық түсіндіру жұмысы – діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейді» тақырыбында білікті дінтанушы ғалымдармен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады. Деструктивті діни ағым ықпалына түскен азаматтарды оңалту, «Рухани мұра» атты концерттік бағдарлама, шығармашылық топтың мәдени-рухани «Дертке дауа – Хақ жолы» қойылымдары қойылады.

Жұмыс тобы қыркүйек айында Жамбыл, Қарасай, Талғар, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын араласа, қазан айында Панфилов, Ұйғыр, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары мен Қапшағай қаласына сапар шегеді. Ал қараша айында Көксу, Кербұлақ, Балқаш, Ескелді, Қаратал аудандары мен Текелі, Талдықорған қаласында өткізеді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ.