Күрең күз

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 2803
Бөлім: ТҮПСАНА

Күні кеше бүршіктен бүрлеп өскен жасыл жапырақ сары түске боялып төгіле бастады.  Әп-сәтте жасыл желекке оранған айнала алтын жамылғандай күн сәулесімен көзіңді қарықтырады. Салқын леп бойыңды тоңазытып, қатқан қырау аздан соң мөлдір тамшыға айналады. Ал ол нұрға шомса, құдды қолдан жасалған моншақтай көркем көрініске ұласады. Бұл жыл мезгілдерінің ішіндегі өзгеше ерекшеліктерге толы күз болатын.

Күздің келгенін ес кіргелі бері асыға күтемін. Өйткені есікті қаққан қонақтар еселеніп, еркелікке көптеп берілер жұлдызды сәтім туады. Айызым қанғанша ойын ойнап, үй көрмей кетем. Алғашқы кездері жиын-теріннің қызығына батып, тәттілерге қалтам қампаятын. Одан кейінгі ойымды арбайтыны – алма.  Жаздағы қышқыл, жасыл алманың орнын ауызыңның суын құртатын қызыл, сарысы алмастырады. Оқушылар таңмен таласа тұрып, мектепке қамданады. «Шіркін, сондай киім киіп, сөмке асынсам» деген арман тыным таптырмайды. Құштарлығымды мектеп қашасынан сығалап, ағамның кітабын ақтарумен қандырамын. Әліппедегі әр әріптің аталуын сұрап жүріп, бастан-аяқ жаттап алғанымды да аңғармай қалдым. Одан кейін «сабаққа барамынға» басып, байбаламға салатыным тағы бар. Бұл мектеп жасына дейінгі аңсарымды аударған күз.
Анам айтпақшы, ел балаларының қатарына қосылып мен де мектепке баратын болдым. Әрдайым алғашқы қоңыраудың соғылғанын күтемін. Жазғы демалыстан соң, күнге күйген денеңе аппақ жейде киіп, тайраңдап білім ошағына барасың. Жарылған бетіңді жеңіңмен сүртіп, мұрныңды тартып жүріп, талай күн артта қалды. Сабаққа барған сайын жұлдызды баға арқалап, соным үшін барлық асыл жетпес әжемнің кәмпитін жеймін. Парталастарыммен жарыса оқып, мақтау естіп, дәптердегі жазуымды үлгі қылып көрсеткенде, төбем көкке бір елі жетпей қалады. Күзде басталған сабағыңның жемісін көктемде алған Мақтау қағазың аңғартады.
«Тезірек өссем, ержетсем екен» деген тілекпен таңымды атырып, кешімді батырамын. Онымды сезген әжем:
– Сенің туған күнің күзде, құлыным. Сол үшін күздің келгенін күт, ол көп келген сайын, сен де үлкен боласың, – дейтін.
Әжемнің осы сөзінен соң, жапырақтың сарғайғанын тіптен қатты күтемін. Сарғая бастаса, қуанып, сыныптастарымды алдын ала туған күніме шақырып қоямын. Олар елеулі күнде қалам, дәптер, сызғыш алып келеді. Жаңа құралдарым пайда болатыны тағы бір қуаныш.
Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, жылға ұласып жатты. Сол күзде алғашқы қоңыраудың соңғы рет соғылатынын қайдан білейік. Мектеп партасымен қош айтысып, үлкен өмірге қадам бастық. Тағы бір күз келіп, «студент» айдарын тағып берді. Енді бұрынғыша «оқи ғой» дейтін ұстаздарың қасыңнан табылмайды. Университетте, керісінше, мұғалімнің соңынан өзің жүгіріп, араға ұқсап бал жинауға кірісесің. Қоржының қаншалықты толғанын сессия білдіреді. Ендігі күзден жаңадан табылған, жанашырың, туысыңнан бетер жақындай түскен группаластарыңмен көрісуді күтесің. Жан-жақтан ағылған олар университет қабырғасында кезігеді. Содан соң қызыққа толы студенттік дәуренің құшақ ашады. Естен кетпес естеліктер еңсеңді тіктеп, өмірге жаңаша қарауға үйретеді.
Жайраңдаған жаз кетіп, күрең күз тағы келді. Жер-жерде тынымсыз тірлік басталып, ел-жұрт қысқа қамдануда. Қолтықтарына шоқ гүлдерін қысып, оқушылар алғашқы қоңырауды соғып жатыр. «Мен мынаншадан, мынаншаға көштім» деп сыбырласқан бүлдіршіндер үні өткен күнге қайта ертеді. Бірі – бірінші сыныпқа барғанына шаттанса, бірі қалайша он бірінші сыныпқа келіп қалғанына таң. Келешек мамандығына бір табан жақындап, қызу дайындыққа бас сұғады. Олар да осылайша, өз күздерін күтіп алуда.
Алтынға бергісіз сары мезгіл алысқа жетелейді. Өткенің көз алдыңнан қаз-қалпында, киноның таспасындай өтіп, болашағың болмашы елес береді. Міне, тағы бір жасқа есейдім. Бұрынғыдай үлкейгенді емес, керісінше, тәтті кездерге сапар шегіп, кішірейгің келеді. Амал нешік, ырқыңа көнер уақыт жоқ. Қамшының сабындай ғана ғұмыр зымырауда. Жаңа күзді қарсы алып тұрып, сағынышқа толы күздеріңді аңсайсың. Басқаларды қайдам, өткен күннің құшағына енген күздерімді сағындым...

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ.