Халықпен қайта қауышты

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1578
Бөлім: ТҮПСАНА

Халық ақыны Молдабай Жолдыбаевтың  «Шапағат» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Қанатын кеңге жая алмай, заман қыспағында қалған айтулы ақынның бұл кітабы ұрпағына қалдырған қазынасы болатын.

Ақынның өміріне көз салсақ, қияметтің қыл көпірінен жүріп өткендей бүкіл ғұмыры қилы-қилы ауыр өткелден тұрады. Ол 1893 жылы Суықтөбе тауының бөктерінде, Жамбыл  ауданы, Талап ауылында дүниеге келген. Әкесі Тілепалды қолынан өнер тамған атақты шебер болған. Шешесі мың жылқылы Молжігіт байдың қызы Шаршаған көргенді жерден шыққан. Бала Молдабай  жас  кезінен өлең-жырға құмартып өседі. Қайда жиын-той болса, сонда өлеңнен өрмек тоқып, қисса-дастандарды таңнан-таңға жалғап айтады. 
Кеңес өкіметі орнаған тұста елдің берекесі кете бастайды. Байдың тұқымысың деп  соңынан түседі. Ақыры  «халық жауы» атанып, Сібірге айдалады. Кейбір деректерге сүйенсек, сол уақытта Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов секілді қазақ зиялыларымен араласқан. Жазасын өтеп келген соң Ыбырайым деген ағайыны жиырма  күндей  жасырып, қырғыз асырып жібереді. Кейін бәрі тынышталғанда  еліне оралады. 
Молдабай бірнеше ақынмен айтысқан, көбісі жазылып алынбаған. Манап Көкенов, Мұқаш Байбатыров, Жүнісбек Жолдинов сынды ақындармен айтыстары  белгілі. Сондай-ақ, ақынның  мұраларынан Әпежек пен Бармақтың айтысы да табылды. Бірлі-жарым айтыстары «Қазақтың қазіргі  поэзиясы» (1973), «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» (1975) жинақтарында ғана жарияланған. 
Жақында ақынның  туып-өскен жерінде «Шапағат» атты жинағының  тұсаукесер  салтанаты өтті. Кешті баспагер, ақын Манарбек Ізбасар  жүргізді. Белгілі жазушы, тарихи тұлғаларды зерттеуші Нағашыбек  Қапалбекұлы  Молдабай Жолдыбаевтың  өмірі  мен шығармашылығы  жайлы  кеңінен баяндама жасады.
Бұл кітапты  құрастырып, бастырып шығарған ұрпағы Мұрат Молдабайұлы, жиені Анархан Сәкенқызы, редакторы  Салтанат Әлиақпарқызы, М. Әуезов атындағы  әдебиет және өнер  институтының  қолжазба  бөлімі қызметкерлерінің  еңбегін ерекше  атап  айтқан жөн.   
Жамбыл ауданы  әкімінің  орынбасары  Дастан Шалтабаев, ардагер журналист Жұмаш Арғымбаев, Олимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, әл-Фараби  атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  профессоры Арықбай  Ағыбаев пен Анарбай Бұлдыбаев, М. Әуезов атындағы  әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының  кандидаты Тоқтар Әлібек, Жамбыл музейінің директоры  Мәулен Қожашев сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Ауыл өнерпаздары  мен ақын  ұрпақтары  концерттік бағдарлама  көрсетті. Молдабай Жолдыбаев  жүлдесі үшін  қазақша  күрес және футболдан  жарыс ұйымдастырылды. Жиналғандарға ақынның жаңа шыққан  «Шапағат» кітабы  таратылды. 

С. ӘШІМОВА.