Қызыл алма

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1922
Бөлім: ТҮПСАНА
Атам көк биесіне мінгестіріп, қой бағуға алып баратын. Әлгі бие шөп жегенде немесе су ішкен кезінде мойнынан сырғып кетердей зәрем қалмайды. Қорыққанымды қанша жасырғым келгенмен, атамның қолын қатты қысып білдіріп қоямын. Құлынын іздеп, кісінеп басын көтерген сайын қуанып кетем. Көк майсаға қайта бас қойғанда бұрынғысынша атама тығыламын. Мен үшін көк биеден биік ешнәрсе жоқтай. Үстінен барлығы айқын көрінеді. Тіпті, құрт-құрмырсқаның қимылына дейін бақылап отырамын. Кешқұрым күні бойғы көріністі қайта көз алдымнан өткізіп, тәтті қиялға елітем.
Көк биенің төлін еншілеу үшін кезекке тұрамыз. Екі ағамды күтіп жүріп, екі жыл дегенде менің де қуанар кезім келді. Тумай жатып, биенің томпиған ішіне ұзақ қарайтынмын. Ал төлдегендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алғашқы жылқым торы тай болатын. Жалғыз  мінуге  жүрексінсем де күні бойы айналшықтап қасынан кетпеймін. Осы кезде анамның: «Мынаны нағашы атаң мен апаңа алып бар», – деген үні естіледі. Асыға жетіп, қолындағы дәмдісін алып, құйындай ұшып нағашымның үйіне жетем. Тоқтам атам молда еді. Сақалымен, ойнағанды жақсы көремін.
– Ал, балам, не жаңалығың бар? – деп бастайды әңгімесін. Содан кейін үйдегі барлық оқиғаны аузымның суы құрығанша айтып беремін. Қарқылдап күлген сайын қамшы салдырмай саулатамын келіп. Ол аздай сиыр, қойдың жайын сөз етіп, тауықтың тарысына дейін әңгіме қыламын.
Бірде тамақтанып болған соң, ауылдың бір топ үлкендерін ертіп әкем келді. Қабағы қатулы, жүзі солыңқы. Қолдарында арқаны бар. Торы тайды тізгіндеп, алып кетті. Жүрегім бірдеңені сезгендей көзіме жас үйірілді. «Тайың арғы дүниеде нағашы атаңа керек», – деген сөзден соң тайды да, нағашы атамды да көрмедім. Көңіл айтып келушілер көбейіп, жылап-сықтаған дауыстар құлағымнан әлі күнге дейін кетпейді. Араға бірнеше жыл салып, кезегім жақындады. Қайтадан көк биенің ішіне телміремін.
Жазғы демалыс бастала сала ата-анам бізді туған-туыстарға жібереді. Екі ағамнан әбден «қорлық көрген» мен олардан құтылуға асығамын. Көбіне нағашыларыма кетіп, жазды сонда өткіземін. Анам тауды нұсқап: «Мына асуды ассаң, менің туған жерім бар. Жаркент, Көктал, Айдарлы», – деп көп айтатын. Осы жолы үлкен ағасы Камалсейіт нағашымның үйіне жіберді. Қарындасым Аяулым екеуміз торға түскен торғайдай әркімге жалтақтаймыз. Үйренісе алмай біраз күн жатырқап жүрдік. Айдарлы ауылының ыстық құмы табанымызды күйдіріп, тікені қолымызды талай тесті. Таң ата нағашым Нұрсұлтан екеуміз сексеуіл жинауға аттанамыз. Сондағы көк биемді сағынғаным-ай. Желдей жүйіткуші еді хайуан шіркін. Қырсық атқыр мына көк есектің жамбасына қатты ағаш қанша тисе де жүрмейді. Балпаң басып, кеш батып үйге әзер жетеді. Жәмила жеңгемнің тандырға пісірген нанын айтсаңшы, ыстықтай сары май жағып, айызымыз қанғанша жеуші едік. Қарным тойса болды, ауылымды, ата-анамды, бұзық ағаларымды сағынып, білдіртпей жылап алам. Тіпті, кәндек итім де құйрығын бұлғаңдатып шақыратын секілді. 
Ұйықтап жатып түсіме ауылым кіреді. Алдымдағы тауды ары ассам болды, алдымнан Аралтөбе, Онжас жайлаулары шығады. Асығып жүгіре жөнелемін. Көзіме көк биесін мінген атам көрінеді. Екеуміз қой бағуға барамыз. Ат арбамен отын тереміз. Осылайша, тәтті түсімді: «Тұрыңдар, тезірек күн ысымай сексеуіл алып келіңдер», – дейтін дауыс бұзады. Шаруаны бітірген соң Нұрсұлтан екеуміз көршінің алмасын ұрлауға барамыз. Бірде ең үлкен қып-қызыл алманы қағазға орап, анама деп ағаш түбіне жасырып қойдым. Көк есекке мінгесіп жер сағыз тереміз. Қышқыл сағызды әбден жарыса шайнап, тазарғанша түкіреміз. Сосын кімдікі бірінші ағарса, жеңіске сол жетеді. Күні бойы көлеңке саялап, кеш қарая бастағанда көшеге ойын қуып шығамыз. Көрші баланың велосипедін тебем деп масаға таланғанымызды да сезбей қаламыз. Шаңға көміліп кір қожалақ болып үйге келеміз. Жуынып болып, қаз қатар жатып ұйқыға кірісеміз. Ертесіне маса шаққан орындарды қасып, көше басынан су тасимыз. Түске дейін үлгермесек, түстен кейін суды тоқтатып тастайды. Сосын оны үнемдеп қолданамыз. Осы кезде әжемнің «Судың да сұрауы бар» дейтін сөзі есіме оралып, түр-тұлғасын елестетіп, ертегілеріне сапар шегемін.
Жаз аяқталып, мектепке барар кез жақындағанда: «Әне-міне дегенше әке-шешең келіп қалады. Дайындалыңдар», – деді Камалсейіт нағашым. Содан соң үйіріне асыққан жылқыша жол торуылдаймын. «Қашан келер екен?» – деген сұрақ маза бермейді. Әйтеуір, арманым орындалды-ау. Аяулы анам келіп, ыстық құшағына басты ақыры. Қарындасымыз екеуміз кетуге асығып, киімдерімізді шығарып қойдық. Ағаш түбіне жасырған алмамды алуға жүгіріп кеттім. Аздан соң: «Мынау сізге», – деп анама ұсындым. Қатты қуанып тұрмын. Анам қағазын ашып еді, ішінен көгеріп, жеуге жарамай қалған алма шықты. Барлығы бірден күлкіге басты, бетіме ұят тығылды. Қызарып, қипақтап, жанымды қоярға жер таппадым. Сөйттік те ауылға аттандық.
Шіркін, туған жерімнің салқын ауасы бойымды балбыратып, шүйгін шөбінің иісі тынысымды ашты. Жасыл желекке оранған ауылыма кірген бойда көк биеге асықтым. Арбаға жегіп, ауылдың шаңын көкке көтердім. Көк есектен соң биеміз түйедей боп көрінді. «Шу» десең болды, бірден жүйіткиді. Бұзық ағаларыммен қауышып, сағынышымыз тарқап, бірнеше сағаттан соң қайта «ұрысқа» бастық. Көктемде көк бие қара құлын туды. «Менің енді қара тайым бар», – деп қуанып, жер-көкке симай сүйінші сұрадым. 
Бәрі қаз-қалпында көз алдымда. Кеш қарая әже құшағына тығылып ертегі тыңдау, баға жарыстырып күнделік көрсету, көк биеге мінгесіп тау-тасты аралау, болмашы нәрсеге бола дауласу. Ат арбаның дөңгелегінің желін шығарып, әкеміздің от алуы қиын тракторын өшіру секілді бұзақылықтар есімде. Осының барлығы сағынышымды арттырып, бал ғұмыр балалық шаққа шақырады. Құлағыма көк биенің кісінегені талып естіледі...
 
Мәулен ӘНЕРБАЙ.