Жүректегі жазулар

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1575
Бөлім: ТҮПСАНА

Әлі есімде, 1970 жылдың маусымы еді. ҚазМУ-дегі журналистика факультетінде І курстың жазғы сессиясын кілең 5-ке тапсырып, қуаныш құшағында жүргенмін. «Жақсы болды. Осы оқу үлгерімім арқылы стипендияны да, жатақхананы да қамтамасыз еттім», – деймін ішімнен. Осындай көңіл-күймен бас корпустан шығып келе жатсам, қарсы алдымнан Айтекең, ақын Айтақын Әбдіқаловтың кездесе қалмасы бар ма?! Шұрқырай амандастық. Аудандық «Советтік шекара» газетінде қызмет істейтін ағамыздың университетте менен екі жыл бұрын сырттай оқуға түскенін білетінмін. Ол кісі, міне, сондағы кезекті сессиясын аяқтап, Нарынқолға қайтқалы тұр екен.

– Факультеттегі «Озаттар» тақтасынан суретіңді көрдім. Өзің туралы «Қазақ университеті» газетіне шыққан мақаланы оқыдым, – деді ағамыз аңқылдай тіл қатып. – Жарайсың! Ауылға айтып барамын. Осы бағытыңнан тайма!

Содан кейін арада бір айдай уақыт өткен. Целиноград облысының Державин ауданындағы студенттердің құрылыс отрядында жүргенмін. Елден хат келді. Конвертті ашқанымда аудандық «Советтік шекара» газетінде шыққан мақала қиындысы көрінді. «Алдыңнан ақ күн тусын, қарағым!» деп аталатын ол дүниеде КазГУ-дегі мен ауыл жастарына үлгі етіліп көрсетіліппін. Авторы – Айтақын Әбдіқалов.
...Таяуда, архивімдегі сол мақаланың көзіме түспесі бар ма?! 1969-1974 жылдардағы студенттік альбомыма әдемілеп тұрып жапсырылған оны көргенімде жүрегім лүп ете түсті. «Аңқылдаған ақкөңіл ағам-ай!» – деймін іштей толқып. «Қайда жүрсем де хабарласып, тіршілігіме тілектес, жақсылығыма жанкүйер болып жүрген асыл қасиетіңіз бұдан 47 жыл бұрын аудандық газеттегі сол лебізіңізден басталып еді-ау». Осылай деп іштей күбірлеген мен Айтекең туралы терең ойға кеттім.
* * *
Айтақын аға – ақын. Ол кісінің өлеңге ерте бастан ден қоюы өзі туып өскен топырақтағы  Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов секілді тұлғалардың ықпалынан бастау алды десек қателеспейміз. Оның үстіне Хан Тәңірінің етегіндегі көгілдір өлкенің көркем табиғаты жан дүниесін сұлулық аясында тербеп, жырға ғашық жас жүрекке өзгеше бір іңкәр сезімдерді құйды. «Мен де сондай болсам», – деген құлшыныс тоқтаусыз жетелеп, ақ қағазды бедерлеуге аңсарын аударды. Шабыттың сиқыр күші баурап, тыным таптырмады.
...Алпысыншы жылдардың орта шенінен ауғанда Айтақын Әбдіқалов атты поэзия «перісін» Нарынқол ауданының жыр сүйер жұрты толық танып үлгерді. Әсіресе, талант иесі оның тегеурінді шабысы «Советтік шекара» газетінің редакторы, бұлақ көрсе көзін ашуға дайын тұратын Әлнұр Мейірбеков ағамыздың назарынан тыс қалған жоқ. Орта мектепті бітірген құлын жорғаға дереу қолқа салып, ойланып-толғануға шамасын келтірмей, редакция табалдырығынан бір-ақ аттатты.
Әлекеңдей парасатты адамның ұйымдастырушылық қабілеті арқасында М. Ульянова атындағы сол кездегі беделді Бүкілодақтық сыйлыққа ие болған аудандық газет жазамын деген жастарға үлкен мектеп еді. Осы қара шаңырақта күні кеше ғана Мұқағали қанаттанды. Бердібек аға қаламын ұштады. Темекісін будақтатып, қабағын түкситіп «Тянь-Шаньның диюы» атанған Еркін ағасы жұмыс үстінде отырды. Суретті ойларын аудандық үнпарақтың аясына сыйғыза алмаған Баққожа Мұқаев сияқты құрдасы да бұл редакцияны туған үйіндей көретін. Философиялық ойлар мен сыншылдыққа қатар бой ұрған Сағат Әшімбаевтың да жиі бас сұғатын орны осы еді. Сол кездері «Советтік шекараның» хаттар қоржыны балауса жырлардан бір босамайтын. Тоқетерін айтқанда, бұл жер арман мен қиял буы бұрқырап тұрған өзінше бір киелі ұя-тын. 
Айтақын аға тез арада осы ортаға балдай батып, судай сіңді. Аз уақыт ішінде кіші әдеби қызметкерден редактордың орынбасары болуға дейінгі сатыдан өтті. Аудан өміріне әбден қанықты. Жақсыға сүйінді, жаманға күйінді. Ақ пен қараны ажыратып үйренді. Көкейкесті мәселелерді тереңнен қозғап, көркемсөзді ел мүддесіне қызмет еткізуге дағдыланды. Озық тәжірибелерді мыңның игілігі үшін деп насихаттады. Орашолақтық пен оспадарлық болса, бет-пердесін сыпырып аяусыз әшкереледі. Ұстазы Әлнұр ағаның талапшылдық өнегесін шәкірттік ізетпен жадына тұтып отыруды үлкен мәртебе санады. Одан ұтпаса, ұтылған жоқ.
Бір сүйсінерлігі, журналист Айтақын Әбдіқалов газеттің күнделікті қара жұмысының жетегінде ғана қалып қойған жоқ. Дүниетанымын кеңейтіп, ой-өрісін тереңдетіп отырды. Талабын шыңдап талғамын арттырды. Суреткерлік пен шеберлікке дағдыланды. Соның нәтижесінде республикалық, облыстық мерзімді басылымдар Айтекеңнің тұщымды жырларын жиі-жиі жариялап, есімін елге танытты.
Ағамыздың 1979 жылы «Жалын» баспасынан «Бастау» атты тұңғыш жинағы үлкен поэзияға қадам басуының айғағындай ақынның тұсауын кесті. «Ұшырайын құсымды», «Өмір – кеме» кітаптары да оқырманын бейжай қалдырған жоқ. Бірқатар өлеңдері орыс тіліне де аударылып, қанатын кеңге жайды. Айтекеңнің жыр қоржыны сөйтіп молайды. Үміті мен сеніміне сүйенген белсенді азаматтық ұстанымына берік ақын заманның кейде олай, кейде бұлай аунаған қиындығына бола қаламын суытып алған жоқ. Тынымсыз еңбектеніп, рухани қазынасын қалыңдата берді.
Айтақын ағаның жүрегі гүлдей нәзік. Көңіл көкжиегінен дүниенің сұлулығын ғана көреді. Арман аясындағы ақ қанат періштелерге ереді. Сезімі айдын көлдің тұнық шалқарындай дірілдейді. Жаны жақсылыққа елжірейді. Содан туған толғаныстарды айшықты қалпында ақ қағазға кестелеп, өлең күткен жұртқа ұсынады. Соның дәлелі болып табылатын мына бір шумақтар:
Күлкілерің таудың бұлақтарындай,
Келбеттерің қырдың гүл атқанындай.
Қай жаққа құс боп ұшар екенсіңдер,
Қарақат көзді шырақтарым-ай!?
Осы бір сөздерге имандай нанасыз, онымен қоймай өзіңіз де қосылып тебіренесіз.
Айтекеңнің суреткерлік бояуы да мол. Екінің біріне  байқала бермейтін туған жердің табиғатын сол қалпында құлпыртып, жанарыңызға жаудырата тосады. Алдыңыздан қырдың саумал самалы соғып, бір рахаттанасыз. Шеберлікке риза болып, ақынға алғыс айтасыз. Жыр жолдарын дауыстап тұрып оқығыңыз келеді.
Қос бұрым өзен сылқылдап төмен ағады,
Тау суы асау, тепкілеп жатыр жағаны.
Жайлаудың түні, жап-жасыл аспан төрінде,
Жалтылдап жұлдыз ағады...
Басында айтып өткенбіз, Айтекең Мұқағали поэзиясына ерте бастан бой ұрып, ғашық көңілмен ден қойған адам. Ғажайып әлемге таң қалды және оны риясыз таныды. Сондықтан да ол мұқағалитанудың кіріспесін бастады. Ұлы ұстазы дүниеден озғанда ақын жүрегі алабөтен бебеулеп, аспандағы бозторғайдай шырылдап тұрып алған. Мөлтілдеген көз жасы өлең болып тамшылап жатты.
Қалтырайды Қарасаз бұлақтары,
Суылдайды тынымсыз құрақтары.
Бозінгендей Шалкөде боздап жатыр,
Ботасынан айырылып жырақтағы, – деп қалың ел-жұртына жырмен көңіл айтқаны бар.
Сөзімізді осыдан сабақтайық. 1982 жылы Айтақын ағамыз Мұқағалидың елу жылдығы құрметіне өткен облыстық ақындар айтысына қатысып, тағы бір қырын танытты. Дүбірге жай ғана араласқан жоқ. Қызыл тілмен талайды ықтырған Надежда Лушникованың өзімен сайысқа түсті. Сонда намысқа қылау түсірмеді. Бас бәйгені қанжығаға байлады. Барша жұрт сүйсініп қол соқты.
Осыдан кейін ағамыз ойында жүрген тағы бір міндетті атқарды. «Мұқағали» деп аталатын естеліктер жинағын құрастырған. Бұл кітап та ел кәдесіне жарап тұр. Бір қызығы Айтекеңнің тележурналист болуына да Мұқағали поэзиясының ықпалы тиді. Алматы телехабарлары редакциясының өтініші бойынша алғашқы жобаны осы тақырыптан бастап, ол сәтті шығып, шығармашылықтың жаңа жанрына ауысты. Бұл жұмыс жеміссіз болған жоқ. Аз уақыттың ішінде мол тәжірибе жинақтап қалыптасты. Адам және заман мәселелерін көтерген сериялы хабарлардың авторына айналды.
Ауданда алаңсыз жүрген Айтақын ағаны 1984 жылы облыстық «Жетісу» газеті аттай қалап қызметке шақырды. Ол тосырқамай астана өміріне қоян-қолтық араласты да кетті. Өзіне артылған зор сенімді өнімді еңбектерімен ақтады. Ісі ілгері басып, облыстық кәсіподақ комитетіне жұмысқа ауысты. Осы органның газеті «Алатауға» біраз жылдар бас редактор болып жемісті жұмыс істеді. Одан кейін 90-жылдары оны облыстық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өзіне төраға етіп сайлады. Тіліміздің мәртебесін көтеру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, намысты елдің баласындай отқа күйіп, суыққа тоңып, не түрлі пікірталастарға кеудесін тосып, ұлтымыздың туының биік көтерілуіне өз үлесін қосты. Облыстық әкімдік қызметінде жүргенде де о баста ұстанған идеяларынан айнымай, батыл-батыл әрекеттермен көзге түскенін әріптестері әлі ұмытқан жоқ.
Кейіпкеріміз «Ақын болу өз еркің, азамат болу борышың», деген қағиданы жадынан өмірі шығарған емес. Үлкенді аға, кішіні іні деп білген ілтипатынан ешқашан адасқан жоқ. «Өзі жақсы кісіге бір адамдық орын бар», деген қастерлі сөздің үлгісін көрсетіп, қайсы ортаға барса да бірге өсіп, біте қайнасқан бауырындай қауышады да кетеді. Көңілі мөлдір бұлақтай таза, атқарған ісі тау тұлғасындай кесек. Атадан қалған өнегені отбасына дарытты. Тәрбиелі қыз, тәлімді ұлдар өсірді. Шаңырағының тілеуін тілеп, қызығын көріп отыр.
Айтекеңнің жауы жоқ, досы көп. Болымсыз нәрсе үшін бөлініп ұсақтағанын ешкім білмейді. Бар қазақты бір қазақтай жанына жақын тұтады. Бұл бәріміздің ағамыздан үйренуге тұрарлық бір ерекшелігі. Қашан көрсең ақжарқын. Қашан көрсең аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл. Нағыз ақынға лайық кеңдік пен тереңдік һәм биіктік бар. Тау баласының тауға қарап өскені осыдан-ақ көрініп тұр.
Айтекеңді біз білгелі қашан. Содан бері ақынның жасы ғана ұлғайған жоқ, көзқарасы мен парасаты да кемелдене түскенін аңғарамыз. Заман және адам туралы тереңнен толғанатын болып жүр. Сан түрлі құбылыстарға халықтық баға беруге тырысады. Оқырманын биікке жетелегісі келеді. Қайраткерлік дәрежеде үн қату мүмкіндігін байқатады. Бұл өте жақсы қасиет.
Қалады бәрі, байлық та, даңқ та қалады,
Өткен өмірім – жылдардың сырлы жанары.
Еңіспен, өрмен, бақытпен, сормен алмасып,
Желмая уақыт зымырап, зулап барады, – дейді ол абыз аталарындай ой толғап.
Сонымен қатар, Герольд Бельгердің мына бір жазбасы да көңілден шыққан тіркестер болып жадымда қалыпты. «...Бүгін «Жетісу» газетінің (1 май, 2009 жыл) күнгі нөмірі кездейсоқ қолыма түсе қалды да, маған бұған дейін беймәлім Айтақын Әбдіқалдың өлеңдер топтамасы бірден назарыма ілінсін. Топтама «Оймақтай ойлар – жан сырым» деп аталады. Қауызы толық, шымыр жолдар. Ақындыққа сыйымды салмақты ойлар. Меніңше, бұл Айтақын – жай Айтақын емес. Нанбасаң, міне, қара:
Махамбеттің басын алып,
Ұлы Абайды жылатқан.
Бөтен емес, осы халық –
Құлагерді құлатқан! – дейді. Ақ сөйлеп, батыл айтқан. 
Немесе:
Құдай сүймес әрекет жасап жүріп,
Жалған сөйлеп, жасаймыз жасандылық.
Қолда билік тұрғанда талай сындар,
Шаш ал десе, жіберген бас алдырып!..
Батырып айтады, түйреп айтады. Ақын болған соң, сондай бол. Айтақынның насихаты жетпей жүр ме, қалай?.. 15.05.2009.»
(«Парасат» журналы, 2010 жыл, тамыз айы. «Күнделік» беттерінен)
* * *
Қазір алыстағы бізге ауылдан, Алматыдан хабарласатын, хал-жағдайымызды сұрап амандығымызды білетін адамдар онша көп емес. Оған ешкімді кінәлап немесе «Неге солай?» деп өкпелей алмаймыз. Себебі, елден ерте кеттік. «Оқимыз. Адам боламыз. Атамекенге міне, содан соң барамыз. Араласамыз», – дедік. Өстіп жүргенде арада көп уақыт өтті. Ұрпақтар алмасты. Сөйтіп, өзімізді танитын адамдар азайды. Шерағаңның, жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние...» дегені міне, осы. Сондай кезде Нарынқол өңірінің иесі мен киесі бола білген Нүсіпбек Әшімбаев, Сейдін Сатаев, Сәрсенбай Байғұлов, Әлнұр Мейірбеков сияқты ақсақалдарды жанарың жасаурап тұрып еске аласың. Сағынасың. Қазір солардың көзін көрген санаулы ғана адамдар бар. Енді осы ағаларымыз аман болса екен дейсің. Соның бірі – Айтекең. Ол кісінің: «Айналайын, есен-саусыңдар ма? Халдерің қалай?» – деген телефондағы даусын естігенде, жүдеу тартқан жанымыз жадырап сала  береді. Құдды Бердібек, Мұқағали, Еркін, Сағат, Баққожа ағаларымызды көргендей жүрегіміз жылиды. «Қиыр қонып, шет жайлап жүрген біз секілді жандарды іздейтін жанашырдың болғаны қандай жақсы!» – дейсің тебіреніп. «Көңіл көңілден су ішеді», – деген сөз бар ғой, аға! Басқасын білмеймін, жоғарыдағыдай мінезіңіз бен қасиетіңіз үшін сізге мың рахмет! Өзіңіз туралы біз жазған мына жолдар жылдар бойы жүректе жатталған жазулар. Осы лебізіміз мерейтойыңызға тартқан сыйымыз болсын. Қабыл алыңыз!
 
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
АСТАНА.